Сот алдында үш адам жауап берді: дәмхананы жалға алып жұмыс істеген басшы, автогаз құю станциясының директоры және газ баллондарын жеткізген азамат.
Дәмхана басшысына абайсызда адам өліміне, адамдардың денсаулығына ауыр зиян келуіне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу айыбы тағылды.
Қалған екі сотталушы қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда адам өліміне және адамдардың денсаулығына зиян келуіне себеп болды деп айыпталды.
Сот дәмханада мынадай қауіпсіздік талаптары бұзылғанын анықтады:
- қоғамдық тамақтану нысанында газ баллондары пайдаланылған;
- баллондар жылыту радиаторларына тым жақын сақталған;
- қызметкерлер мен газ жабдығын пайдалануға жауапты тұлғаларға тиісті нұсқама берілмеген.
Екінші сотталушы тиісті рұқсаты болмаса да, дәмханаға газ баллондарын жеткізумен айналысқан.
"2026 жылғы 25 ақпанда ол дәмханаға екі баллон жеткізген. Кейін олардың бірі жарылды. Жеткізілген баллонға газ рұқсат етілген мөлшерден артық құйылған. Ал автогаз құю станциясының директоры С. тиісті құжаттар, жабдықтар, баллондардың толтырылуын бақылайтын өлшеу құралдары, арнайы дайындықтан өткен қызметкерлер және өзге де міндетті жағдайлар болмағанына қарамастан, тұрмыстық баллондарға жүйелі түрде газ құйып сатқан", – деп хабарлады сот.
Газдың шамадан тыс толтырылуы және баллонның дәмханадағы жылыту радиаторының жанында сақталуы салдарынан ол қызған. Соның нәтижесінде ішкі қысым көтеріліп, баллонның қабырғасы жарылған және өрт шыққан.
"Сотталушылардың кінәсі өрт туралы актімен, оқиға орнын қарау хаттамасымен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, куәлар мен жәбірленушілердің айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен, сараптама нәтижелерімен және істің өзге де материалдарымен дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен үш сотталушы да тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды.
Дәмхананы жалға алушы мен автогаз құю станциясының директоры жеті жылдан, ал газ жеткізуші алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды.
"Сонымен қатар сот облыс әкіміне жеке қаулы шығарды. Онда қылмыстық істі қарау барысында анықталған қоғамдық тамақтану нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі профилактикалық жұмыстар мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастырудағы кемшіліктер көрсетілді. Қаулы зардаптардың туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін жолданды", – деп атап өтті сот.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 26 ақпанда Щучинск қаласындағы бір қабатты "Центр плова" дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, соңы өртке ұласқан. Жарылыс пен өрт қарсы беттегі дәмхананың бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Өрт салдарынан 12 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің 15-і асүй мен зал қызметкерлері, 13-і дәмханаға келушілер болған. Қаза тапқандардың барлығы – дәмхана қызметкерлері. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың арасында сол жерде жұмыс істеген анасымен бірге болған 16 жастағы қыз да бар.
Ғимарат иесіне 19 250 112 теңге көлемінде материалдық залал келтірілді.