2 мыңға жуық жасырын орын, 90 млн теңге айналым: Астанада есірткіні Telegram арқылы сатқандар сотталды

Фото: Zakon.kz/Оксана Даирова
Астанада сот есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен мүшелеріне үкім шығарды. Олар 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Істің мән-жайын 2026 жылғы 13 қазанда ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Астана мен еліміздің басқа өңірлерінде Pitbullshop Telegram-дүкені арқылы жүйелі түрде есірткі сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ҚР Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп тоқтатты.

"Жедел жұмыс нәтижесінде топтың 25 пен 40 жас аралығындағы бес мүшесі анықталып, ұсталды. Топ ішінде міндеттер нақты бөлінген. 35 жастағы ұйымдастырушы қылмыстық әрекеттерге басшылық жасап, есірткі жеткізілімі мен қаржы ағынын бақылаған. 26 жастағы қатысушы оператор болып жұмыс істеп, интернет-дүкенді ілгерілетумен айналысқан. 25 және 40 жастағы екі ер адам есірткіні өлшеп, қаптаған және курьер қызметін атқарған. Олар есірткіні жасырын орындарға қалдыруға жауапты болған. Тағы бір қатысушы есірткіні бөлшектеп сатумен және жаңа курьерлерді тартумен айналысқан", – деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Топ әрекет еткен кезеңде есірткі жасыратын 2 мыңға жуық орын әзірленгені анықталды. Заңсыз саудадан түскен жалпы айналым 90 млн теңгеден асқан.

"Қаскөйлер былтыр жазда ұсталды. Жүргізілген іс-шаралар барысында полицейлер жалпы салмағы 165 грамнан асатын марихуана мен каннабис шайырын тауып, тәркіледі. Сондай-ақ қаптама материалдары, электрондық таразылар, банк карталары, ақша және қылмыстық әрекетке пайдаланылған өзге де заттар алынды", – делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.

"Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды. Ұйымдастырушы 17 жылға, ал қалған қатысушылардың әрқайсысы 16 жылға бас бостандығынан айырылды", – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

2026 жылғы 12 қазанда есірткі синдикатының басшысы Ресейден Қазақстанға экстрадицияланғаны белгілі болды. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті Алматы мен Қазақстанның басқа өңірлерінде мефедрон өндірумен және сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық еткен. Бас прокуратураның мәліметінше, оған тағылған қылмыстар үшін мүлкін тәркілей отырып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазақстан
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Үсік жүреді". Еліміз бойынша 28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

Тоқаев шахмат олимпиадасында күміс алған Қазақстан құрамасын құттықтады

Qazaqstan Media Awards аясында "Тұмар" және "Үркер" ұлттық байқауларына өтінім қабылдау басталды

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Енді жанармай сапасын бақылау үшін жанармай құю бекеттері күтпеген жерден тексерілуі мүмкін