Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, бірінші іс бойынша 20 жастағы қыз ақшаға Таиландтан жалпы салмағы 4,7 келі каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізген.
"Ол есірткіні тәттілердің атын жамылып алып өтпек болған. Жүк елорда әуежайына келген бойда анықталып, тәркіленді. Сот оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – деп хабарлады ведомство.
Екінші іс бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылы есірткіні күнделікті тұтыну тауарлары ретінде жасырып, Таиландтан Қазақстанға пошта арқылы жөнелтуді ұйымдастырған.
"Бұл есірткі партиясын алуға тиіс үш адам бұған дейін бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Ал жөнелтуші іздеуде болған. Ұсталғаннан кейін ол сот алдында жауап беріп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды", – деп мәлімдеді көлік прокуратурасы.
Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін он қазақстандық елге миллиардтаған теңгенің темекі өнімдерін контрабандалық жолмен әкелгені үшін сотталған еді.