Қазақстанда көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам дерегі анықталды

Фото: Zakon.kz
Қазақстанда 5–16 қазан аралығында өткен "Нелегал" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам дерегі анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Іс-шара қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және шетел азаматтарының елде болу қағидаларын сақтауын бақылауды күшейту мақсатында өткізілген.

Полиция қызметкерлері жеке және заңды тұлғаларға көші-қон заңнамасының талаптарын, оларды бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді. Шетелдіктерге тұрғын үй беру, оларды тіркеу және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартуға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар шетел азаматтары көп шоғырланған орындар, құрылыс нысандары, базарлар, шетелдік жұмысшыларды жалдайтын кәсіпорындар мен ұйымдар тексерілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша:

Соттар көші-қон заңнамасын бұзғандарды Қазақстаннан шығару туралы 2 243 шешім шығарды. Елде одан әрі болуына жол берілмейді деп танылған тағы 2 479 шетел азаматының Қазақстанда болу мерзімі қысқартылды.

236 шетел азаматы елден мәжбүрлеп шығарылып, олардың барлығына Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынды.

Тексеру кезінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен 14 шетелдік анықталды. Бұл деректер бойынша Шекара қызметімен бірлесіп тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ өз елдерінің құқық қорғау органдарынан Қазақстанда жасырынып жүрген, іздеудегі 62 шетел азаматы ұсталды.

Полицияның мәліметінше, заңсыз көші-қонның негізгі себептерінің бірі – кейбір азаматтардың заң талаптарын айналып өтіп, тез пайда табуға ұмтылуы. Бірқатар жағдайда Қазақстан азаматтарының өздері шетелдіктердің елге заңсыз келуіне көмектесіп, олардың осында тұруын ұйымдастырады, баспанамен қамтамасыз етеді және қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмысқа тартады.

Мәселен, Алматы облысында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге тұрғын үй берген Қазақстан азаматы заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды. Осындай деректер Жамбыл және Павлодар облыстарында да анықталды.

Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану деректеріне де ерекше назар аударылды. Шымкенттегі құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген 40-қа жуық шетел азаматы анықталды.

Мұндай заң бұзушылықтар Алматы қаласында, Қарағанды, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да тіркелді. Барлық жағдайда шетелдік жұмысшылар мен оларды жалдаған жұмыс берушілерге заңда көзделген шаралар қолданылды.

Бұдан бөлек, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін екі немесе одан көп рет бұзған 10 жұмыс берушіге қатысты тергеп-тексеру басталды. Мұндай қайталанған құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзатын шетелдіктерге де ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте көші-қон талаптарын бұзбағанымен, өзге құқық бұзушылықтарды бірнеше рет жасаған, соның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөздер айтып, тәртіп бұзған адамдар туралы айтылып отыр.

Полиция мұндай азаматтарды елден шығару туралы соттарға 31 өтінішхат жолдады. Оларды елден шығару мәселесі Шымкент пен Алматы қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Қостанай және Түркістан облыстарында көтерілді.

Сот елден шығару туралы шешім қабылдаған жағдайда, бұл шетелдіктерге Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынады.

Полиция көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз көші-қон арналарын анықтау және оған ықпал ететін адамдарды жауапкершілікке тарту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ведомство Қазақстан аумағында жүрген әрбір адам азаматтығына қарамастан ел заңдарын сақтауға міндетті екенін еске салды.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстандықтар Республика күнінде қалай демалады

Ресейдегі маймыл шешегі: Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

2027 жылғы жәрдемақылар: eGov Mobile қосымшасында отбасылардың әл-ауқатын бағалау калькуляторы пайда болды

Бублик пен Рахмонов Алматыда көз арбасу өткізді

Батыс Қазақстан облысында мұғалім 4 млн теңгеден астам қарызын бөліп төлеуге мүмкіндік алды