Тоқаев халықтық цифрлық экономиканы дамыту туралы жарлыққа қол қойды

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы «Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі жарлықтың мәтінін жариялады:

"Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы

Азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, табыс пен жұмыспен қамтудың жаңа көздерін құру, цифрлық нарықтарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, экономикалық қызметте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану, сондай-ақ халықтық цифрлық экономикаға көшу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) азаматтардың табыс алу мүмкіндіктерін кеңейтуге, цифрлық жұмыспен қамтуды дамытуға, жасанды интеллектіні практикада қолдануға, отандық өндірушілердің өткізу нарығына қолжетімділігін қамтамасыз етуге және экономикалық қызметтің жаңа нысандарын дамытуға бағытталған Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралардың кешенді жоспарын (бұдан әрі – Кешенді жоспар) 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін бекітсін;

2) Кешенді жоспарды әзірлеу және іске асыру кезінде Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Кай-Фу Лидің кәсіби қызметте, оның ішінде цифрлық платформалар арқылы ақы төленетін тапсырыстарды орындау кезінде жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын дамыту жөніндегі ұсынымдарын пайдалансын;

3) отандық өнім өндірісін кеңейту және оны өткізу мақсатында кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы мемлекеттік шараларын жекеше электрондық сауда алаңдарының, банктердің, логистикалық компаниялардың және цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен біріктіруді қамтамасыз етсін;

4) жұмыс істеп тұрған электрондық сауда алаңдары мен сауда желілері арқылы ауылдағы өндірушілердің өнімін қабылдау, дайындау, олардың логистикасы, өткізу тетіктерін қолданыстағы сауда-логистика инфрақұрылымы мен қаржы құралдарын пайдалана отырып әзірлеуді және ендіруді қамтамасыз етсін;

5) практикалық тәжірибенің орындалған тапсырыстар туралы мәліметтер негізінде расталуын көздеп, ұйымдар мен кәсіпкерлік субъектілерінің қысқа мерзімді ақы төленетін тапсырыстарды кейіннен азаматтардың орындауы үшін жұмыс істеп тұрған цифрлық платформаларда тұрақты түрде орналастыруын қамтамасыз етсін;

6) азаматтардың цифрлық платформаларды пайдалана отырып, ақы төленетін қызметті жүзеге асыруы кезінде туындайтын азаматтық-құқықтық, еңбек, салықтық және әлеуметтік қатынастарды қамтитын цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыруды, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мүмкіндігін пысықтауды 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қамтамасыз етсін;

7) Кешенді жоспарда көзделген цифрлық дамудың пилоттық жобаларының нәтижелілік көрсеткіштерін белгілей отырып, оларды 2027 жылғы 1 сәуірге дейін жекелеген өңірлерде іске қосуды қамтамасыз етсін, жобаларды іске асыру нәтижелеріне бағалау жүргізіп, табысты практикаларды кеңінен қолдану жөніндегі шараларды 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін айқындасын.

2. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктері:

1) 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін Кешенді жоспарға сәйкес өңірлік жоспарларды бекітсін;

2) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, өзге де өңірлік даму институттарының және қаржы ұйымдарының қатысуымен өнімді кейіннен өткізуден түсетін түсім есебінен ауылдағы өндірушілерге аванс беру тетіктерін көздесін;

3) ауылдағы өндірушілердің өнімін сауда желілеріне, электрондық сауда алаңдарының қоймаларына және сатып алушыларға жеткізу үшін оны жинау, дайындау және шоғырландыру бойынша қолданыстағы сауда-логистика инфрақұрылымын пайдалануды және қажетті сауда-логистика инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етсін;

4) азаматтарды, оның ішінде ауылдағы кәсіпкерлер мен өндірушілерді жұмыс істеп тұрған электрондық сауда алаңдары арқылы өнімді өткізу бойынша оқытуды, консультация беруді және практикалық сүйемелдеуді ұйымдастырсын;

5) отандық өнімді өткізу нарығын кеңейту және электрондық сауданы дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау алған ауылдағы өндірушілерге өндіретін өнімін электрондық сауда алаңдарында орналастыруға жәрдемдесу жұмыстарын жүргізсін.

3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі".

Молния

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Азаматтардың өтініші көбейді: Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер нені талқылады

Жаңа тарихи белеске қадам басу: Қазақстанда стратегиялық даму жөніндегі сарапшылар тобы құрылды

Атырауда отыз отбасы "Отбасы банктен" баспаналы болды

Алматыда Сайран көлі маңынан қару мен патрондар табылды – полиция тексеруді бастады

Шығыс Қазақстан облысында жаңа ветеринариялық пункттер ашылуда