Сонымен қатар ведомство қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға жол бермеу бойынша шаралар қабылдап жатыр.
Азаматтарды бопсалаудан қорғауға да ерекше назар аударылып отыр.
"Полиция 440-тан астам осындай деректі анықтады. Оның ішінде кәсіпкерлерге және білім беру ұйымдарында жасалған бопсалау фактілері бар. Жалпы, түрлі қылмыс жасағаны үшін 240-тан астам қылмыстық орта өкілі қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр", – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс 2026 жылғы 25 қарашада.
Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 40-тан астам топтың қызметіне тосқауыл қойылды.
Бұдан бөлек, қылмыстың алдын алу мақсатында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару, сондай-ақ 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіледі.
Адамды қанауға байланысты қылмыстардың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінеді. "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заңды іске асыру аясында 135 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Зардап шеккендерді қорғау, оларға қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету шаралары қабылданды.
"ІІМ ең алдымен қылмыстың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді дер кезінде жоюға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. Қоғам өмірінің барлық саласында "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету полиция қызметінің сөзсіз басымдығы болып қала береді", – деді Қуандық Алпыс.
Еске салайық, 24 қарашада ІІМ Алматыдағы қараусыз қалған үйден бастап, Біріккен Араб Әмірліктеріне дейінгі аралықта жүргізілген атышулы ұстаулар мен қауіпті олжалар туралы мәлімдеген болатын.