Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге қандай тапсырма берді

Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, мал азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайтып, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын жаңғыртуды тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әлихан Смайылов мал шаруашылығы отандық ауыл шаруашылығының дәстүрлі әрі жетекші салаларының бірі екенін атап өтті.

Мал шаруашылығы өсудің оң динамикасын көрсетіп отыр. Бұл ретте, мал шаруашылығы да азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды элементі екенін атап өткім келеді. Әлеуметтік маңызы бар 19 өнімнің төртеуі импортқа тәуелді. Бұл құс еті, шұжық, сүт және сүт өнімдері. Мұнда жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Сондықтан біздің алдымызда осы өнім түрлерінің отандық өндірісінің үлесін 100 пайызға жеткізу – аса маңызды міндет тұр. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов

Премьер-Министрдің айтуынша, мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін тиісті жем-шөп базасы қажет.

Елімізде жыл сайын мал азығы зоотехникалық нормадан екі есе дерлік аз өндіріледі. Жемнің жетіспеушілігі олардың қымбаттауына әкеледі. Климаттық факторларды да ескеру қажет. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, мал азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайтып, шалғайдағы жайылымдар инфрақұрылымын жаңғыртуды қолға алуы қажет. Бұл саланы қаржыландыруды бірінші кезекте қамтамасыз ету маңызды. Әлихан Смайылов

Премьер-Министр сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді шағын тауар өндірушілерді өңдеуші кәсіпорындармен байланыстыратын дайындаушы ұйымдар желісін құруға ынталандырудың маңыздылығын атап өтті. Министрлiктер мен әкiмдiктердiң мiндетi – өндiрушiлерден бастап өңдеушiлерге дейiн барлық нарық субъектiлерiнiң интеграциясы үшiн жағдай жасау.

Селекциялық-асылдандыру жұмыстары тауарлы мал шаруашылығының өнімділік мүмкіндіктерінің негізі болып табылады. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялау жүйесін жетілдіру аясында осы саланы дамытуды қолдау шараларын әзірлеу қажет. Жалпы, мал шаруашылығын дамыту мәселелерін шешу мемлекеттік органдардың, шаруалардың, бизнестің, ғылымның, ветеринарияның біріккен ұстанымы мен бірлескен күш-жігерімен ғана нәтижелі болуы мүмкін. Әлихан Смайылов
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: