Сенатор Жетісу өңіріндегі шаруаларға 3,5 миллиард теңге бөлуді сұрады

ҚР Парламенті сенатының жалпы отырысында депутат Ғалиасқар Сарыбаев үкіметтен Жетісу өңірінің шаруаларына жер телімдерін қайта рәсімдеу үшін 3,5 млрд теңге бөлуді сұрады, қаржы бөлмеген жағдайда шаруалар субсидиядан айырылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Сенатор биыл Алматы облысы мен Жетісу облысының шекарасы белгіленгенін атап өтті.

"Алдын ала есептеулер бойынша, жер телімдерін және тиісті құжаттарды қайта рәсімдеу үшін шамамен 3,5 миллиард теңге қажет. Қазір Жетісу облысында қайта тіркеуге жататын 238 мыңнан астам нысан бар". Ғалиасқар Сарыбаев

Сенатордың сөзінше, жер телімдерін қайта тіркемесе, ауыл тұрғындары мемлекеттен өңірлерді дамытуға бағытталған субсидия алу мүмкіндігінен айырылып қалады.

"Мемлекеттік органдардың шешімі бойынша елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылымы өзгерген кезде немесе жер учаскелері елді мекендердің шекарасына енгізілген кезде, шекаралар өзгерген кезде жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттарын ауыстыру  бюджет қаражаты есебінен іске асырылады".Ғалиасқар Сарыбаев

Осыған байланысты сенатор ҚР пемьер-министріне үкіметтен бұл жұмыстарды 2023-2025 жылдарға арналған трансферттер шеңберінде республикалық бюджеттен кезең-кезеңмен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: