Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сотталғандарды беру туралы келісім ел Конституциясында белгіленген талаптарды жүзеге асыруға бағытталғанын айтты.
"Конституцияда, егер халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, Қазақстан азаматын шет мемлекетке беруге болмайды деп жазылған. Сонымен қатар республика өз азаматтарын өз шекарасынан тыс жерде қорғауға және қамқорлыққа алуға кепілдік береді. Осыған ұқсас норма Өзбекстан Конституциясында да бар". ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев
Оның айтуынша, бұл құжатқа қол қою үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында бірнеше жыл бойы келіссөздер жүргізілген. Қорытындыға дейін екі ел арасындағы көші-қон үдерісіне талдау жасалып, оның қылмыс жағдайына әсері зерделенді.
"Келісімшартқа келсек, сотталушыны ауыстыру үшін бірінші кезекте оның келісімі қажет. Адам өз елінде жазасын өтеу ниеті туралы арыз беруі керек, яғни сотталушының келісімі ескеріледі. Мысалы, қазірдің өзінде елімізде жазасын Өзбекстанда өтеуге ниет білдірген сол елдің 225 азаматы бар. Ол үшін біз сотталғандар арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Ал Өзбекстанда біздің 20 сотталған азамат бар. Олар да елге оралуға қарсы болмайды деп ойлаймыз. Шарттың ратификациялануы екі ел азаматтарының конституциялық құқығын қамтамасыз етеді".Әсет Шындалиев
Экстрадициялау үшін сотталғанның өз өтініші және оның келісімі қажет. Сонымен қатар сол елдің азаматы болуы керек, жазаны өтеуде қалған мерзімі кемінде бір жыл болуы керек. Екі ел де трансферге келісуі керек.
"Егер бұл елдің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса, ұлттық заңнамаға қайшы келсе және адамның сотталып жатқан немесе тергеу жүріп жатқан кезде қарызы болса, ол экстрадицияланбайды".Әсет Шындалиев