Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерлері аталды

Президент ҚР әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы мемлекеттік сыйлығын екі жұмысқа беруге қаулы етті

Қазақстан Республикасының Президенті 2021 жылғы 6 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның шешімін қарастырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы мемлекеттік сыйлығын екі жұмысқа беруге қаулы етті.

«Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынған «Розеофунгин-АС» отандық жаңа түпнұсқалық дәрілік препаратты әзірлеу және оның өндірісін ұйымдастыру» тақырыбындағы жұмыс үшін Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Аманкелді Құрбанұлы Саданов бас директор болып табылатын авторлық ұжымға берілді.

Авторлық ұжым құрамы: бас ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының кандидаты Ася Сұлтанқызы Балғымбаева; вирусология бөлімінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, биология ғылымдарының докторы, профессор Владимир Элеазарович Березин; бас ғылыми қызметкер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ілияс Райханұлы Құлмағамбетов; бас ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының кандидаты Людмила Петровна Треножникова; «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының биология және биотехнология факультеті доцентінің міндетін атқарушы, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Дәулетбайқызы Ұлтанбекова.

Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету: озық ғылыми технологиялар және өндіріс» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін биология ғылымдарының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Күнсұлу Закарья бас директор болып табылатын авторлық ұжымға берілді.

Авторлық ұжым құрамы: бас директордың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Орынбасарұлы Әбдірайымов; бас директордың өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Мархабат Мелісбекұлы Қасенов; зертхана меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Лесбек Бекболатұлы Құтымбетов; зертхана меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Мұхит Бармақұлы Орынбаев; зертхана меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Күләйсан Тұрлыбайқызы Сұлтанқұлова; бас ғылыми қызметкер, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Берік Мұхитұлы Хайруллин.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы Қазақстан Республикасының азаматтарына техниканың, материалдардың және технологиялардың әлемдік аналогтар деңгейіндегі немесе одан жоғары жаңа түрлерін әзірлегені және өндірісті ұйымдастырғаны үшін; экономиканың түрлі салаларында экономикалық және (немесе) әлеуметтік әсерді қамтамасыз ететін мүлдем жаңа бұйымдар, технологиялық процестер әзірлегені және жасағаны үшін беріледі. 

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: