Алматы облысында мемлекетке қайтарылған жерлерде құны 60,2 млрд теңге болатын бес жоба іске асырылмақ

Конаев, город Конаев, зимой в Конаеве, зима в Конаеве, зимний Конаев, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.11.2026 09:16 Фото: Zakon.kz
Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және қайта айналымға енгізу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылдан бері өңірде нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған 563,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

"Жер қорында есепте тұрған алқаптарды қоса алғанда, жалпы көлемі 585,2 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Оның 240,4 мың гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілді. Оның ішінде 9,8 мың гектары – егістік, 230,6 мың гектары – жайылым. Бұған қоса, ауыл тұрғындарына мал жаю үшін 291,7 мың гектар жер бөлінді. Тағы 53,1 мың гектар жер инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінді", – делінген сәрсенбіде таратылған хабарламада.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, мемлекетке қайтарылған жерлерде бес инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірдегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, өңдеу және туризм салаларын дамытуға бағытталған.

"Жобалардың жалпы құны 60,2 млрд теңгені құрайды", – деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осы бес жоба іске асса, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

  • Қонаев қаласында ең ірі жоба – құны 35,2 млрд теңге болатын ірімшік зауытын салу жоспарланып отыр. Зауытта 250 жұмыс орны ашылмақ.
  • Алатау қаласында иілгіш қаптама шығаратын кәсіпорын ашу көзделген. Жобаның құны – 11,7 млрд теңге. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
  • Іле ауданында құны 7 млрд теңге болатын өндірістік-логистикалық кешен салу жоспарланған.
  • Еңбекшіқазақ ауданында базальт мақтасын өндіретін зауыт іске қосылмақ. Құны 5 млрд теңге болатын жоба аясында 100-ге дейін жұмыс орны ашылады.
  • Қонаев қаласында "Alatau Eco Resort" демалыс аймағын салу да жоспарланып отыр. Жобаның құны – 1,3 млрд теңге.

Алматы облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары тұрақты бақылауда.

"Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін ғарыштық мониторинг пен "JerInSpectr" платформасын қолданамыз. Ғарыштан алынған деректер алдымен аудан және қала әкімдіктеріне жіберіледі. Әкімдіктер бұл мәліметтерді тексереді. Жер учаскесінің пайдаланылмай жатқаны расталса, жер пайдаланушыға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Нұсқамадағы талаптар орындалмаса, жер учаскесін қайтару мәселесі заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады", – деді басқарма басшысы.

2026 жылғы 17 қарашада Қазақстанда 13,5 млн гектар жердің қайта бөлінгені белгілі болды. Бұл жерлердің кімдерге берілгені туралы осы жерден оқи аласыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: