Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында Алматы қаласының ахуалы мен тұрғындарының әл-ауқаты өзінің жеке назарында екенін айтты.
Президент қаңтар оқиғасы кезінде қаланың экономикасы зардап шеккенін баса атап өтті. Азаматтардың және бизнес иелерінің дүние-мүлкі тоналды. Көптеген нысан өртелді, қиратылды.
Қираған қаланы қалпына келтіру керек. Бұл оңай шаруа емес. Сондықтан осындай жауапты жұмыс жаңа әкім Ерболат Досаевқа жүктелді, қолынан келеді деп үміттенемін. Себебі оның бизнес саласында, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Іскер, еңбекқор адам. Жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн деп ойлаймын. Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әкімдердің басым бөлігін неге ауыстырмағанын түсіндірді.
Жалпы айтқанда, кадрлық ауыс-түйіс – үздіксіз жалғаса беретін үдеріс. Лауазым мәңгілік дүние емес. Жұмыстың жаңа талабына икемделе алмаған адамдар қызметтен кетуге мәжбүр болады. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Әкімнің бәрін ауыстыру менің негізгі мақсатым емес. Әкімдердің жұмысына жан-жақты талдау жасалады. Негізгі талап – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан қажеттілік болса, тиісті кадрлық шешімдерді қабылдаймын. Міндетті түрде өзгерістер болады. Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы 2020 жылы халыққа Жолдауында алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау туралы айтқанын еске салды. 2021 жылғы өз Жолдауында Президент келесі қадам – аудан әкімдерінің сайлауы екенін айтты.
Президент аудан әкімдерінің сайлауы 2024 жылы өткізілетінін жеткізді. Дегенмен 2023 жылы пилоттық жобаның іске қосылуы әбден ықтимал.