Президент әлемдегі ахуал аса күрделі болып кеткенін айта келе, "саясаткерлер мен сарапшылар ядролық қаруды қолдану тәуекелдерін байыпты талқылап жатқанын" тілге тиек етті.
Еске сала кетейін, Семей ядролық полигонындағы соңғы жарылыстан бері 33 жылға жуық уақыт өтті. Бұл өңірдің тұрғындары қырғи-қабақ соғыс жылдарында санасыз ядролық қаруланудың барлық қиындықтарын бастан кешірді. Бұл туралы мен жақында Нью-Йоркте БҰҰ-ның биік мінберінен айттым. Қасым-Жомарт Тоқаев
"Атом энергиясы – адамзаттың үздік жетістігі" екенін атап өткен мемлекет басшысы "ол халықаралық күрестің жойқын құралына айналмауы керек" екенін баса айтты.
Ол тек адамдар мен елдердің игілігі үшін жұмыс істеуі керек әрі халықаралық күрестің жойқын құралы ретінде әрекет етпеуі керек. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бұл ұстанымын дәйекті түрде қорғап келді. Біздің еліміз ымырашыл шешімдер табуға, қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға, жалпыға ортақ прогреске қол жеткізуге бағытталған сындарлы сыртқы саяси күн тәртібін үнемі ұсынады. Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент қазіргі заманғы әлемдік тәртіп қуатты дағдарысты бастан өткеріп жатқанына тоқталды.
Одан шығу адамзат болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезіну, халықаралық құқықтың белгіленген қағидаттарын сақтау және мемлекеттердің өзара мүдделерін құрметтеу негізінде ғана мүмкін болады. Өкінішке қарай, қазір геосаяси шиеленіс пен санкциялық текетірес мәдениет саласында көрініс таба бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев