22 жастағы Абай ауданының тұрғыны мамыр мен шілде айлары аралығында әлеуметтік желі арқылы бір қызбен хат алмасып отырған. Желідегі екеуара әңгіме жарасқаны соншалық, жәбірленуші азамат қашықтан байланысқа шығып жүрген қызға 2 миллион теңге ақшаны қалай аударып қойғанын білмей қалған. Қыз байланысқа шықпай қойғанда ғана жәбірленуші алданғанын түсінген.
"15 шілдеде Абай аудандық полиция басқармасына алаяқтық бойынша арыз түскеннен кейін тәртіп сақшылары жедел әрекет барысында күдіктіні анықтады. Оның 27 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Жәбірленуші күдіктімен беттестіру барысында таң қалғаны соншалық, сөйлесіп жүрген қыз еңгезердей ер-азамат болып шықты", делінген полиция хабарламасында.
Күдікті тергеудің қорытындысы бойынша заң аясында тиісті жазасын алатын болады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.