"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды сенат депутаты Бекболат Орынбеков таныстырды.
"Келісімді ратификациялау, екі мемлекеттің арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары бойынша мәліметтермен электрондық алмасу арқылы кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға және жүргізу мерзімдерін қысқартуға бағытталған. Осылайша, кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау көзделген".Сенат депутаты Бекболат Орынбеков
Оның сөзінше, қаралып отырған заңның ережелеріне сәйкес ақпарат алмасу, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға келесідей артықшылықтар қарастырылған:
- өткізу пункттерінде шекарадан өтудің басым тәртібін жүзеге асыруды;
- кедендік бақылау уақытын қысқарту мақсатында кедендік формальдықтарды оңайлатуды;
- кеден ісі саласында құқық бұзушылықтардың және контрабанданың белгілері болған жағдайларды қоспағанда, өткізу пункттерінде кедендік жете тексеруден босату.
Сенатордың айтуынша, заң, Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталғанын көрсетеді.
Сенатор Нұрия Ниязова Түркия Республикасы Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін және Қазақстан Республикасымен саудада үшінші орында тұрғанын атап өтті.
2022 жылы тараптар арасындағы сауда көлемі 6,3 млрд доллар болса, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,9 млрд доллар болған.
Келісім ратификацияланғаннан кейін ақпарат алмасуға арналған Техникалық шарттарды әзірлеу кезеңі басталады, ол орта есеппен шамамен алты айға созылады. Осыдан кейін пилоттық жобаны іске асыру кезеңі басталады, оған да жарты жылдай уақыт қажет.
Пилоттық жоба ақпарат алмасудың техникалық шарттары негізінде байланыс арналары арқылы деректер алмасуды көздейді.