Ведомство хабарламасында ҚР ІІМ өкілдері Жаңа Зеландияның Окленд қаласында 17-21 қыркүйек аралығында өтетін “Полициядағы әйелдер” 60-халықаралық конференциясына (“International Women in Policing Conference”) қатысып жатқаны атап өтіледі.
Айта кетейік, жыл сайынғы оқу конференциясына әлемнің 75 елінен 800-ден астам әйел-полицей қатысады. Бұл конференция әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, гендерлік теңдікке және олардың халықаралық көшбасшылығына арналған.
"Іс-шара ұлттар шеруінен басталды, онда біздің әйелдер делегациясы Қазақстанның туын мақтанышпен көтерді. Делегация құрамына кадр саясаты департаменті бастығының міндетін атқарушы Амина Алмағамбетова, ӘПК ұйымдастыру-талдау жұмысы және бақылау басқармасының бастығы Құралай Карина, ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лейла Әліпбаева және ІІМ Алматы академиясы бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Жанат Дильбарханова кірді". ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Сурет: ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Қарағанды облысының тумасы Амина Алмағамбетова ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1999 жылы бастаған. Ведомствода жұмыс істеген 24 жыл ішінде басшылық лауазымдарды атқарды және "Үздік қызметі үшін" наградасына ие болды.
Ақмолалық Құралай Карина ІІО-дағы қызметін 1997 жылы бастады. Ол жасөспірімдерге қиын жағдайларда көмектесіп, әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғаған. Әр жылдары басшылық лауазымда болып, көптеген қызметкерге үлгі бола білді.
1969 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген Лейла Әліпбаева 1995 жылы полиция қызметкері боламын деген мақсатына қол жеткізді. Ол өзінің барлық еңбек жолын жасөспірімдермен жұмыс істеуге арнады. Жастардың дұрыс жолдан таймауына үлес қосты. Сонымен қатар әйелдерді үйдегі жанжалқорлардан қорғады.
Жанат Дильбарханова – ғылым және құқық қорғау жүйесі саласында тәжірибеге бай маман. Конференцияға қатысатын Қазақстаннан барған әрбір әйел-полицейде полиция полковнигі атағы бар.