2023 жылдың мамырында ол айыпталушыға үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Осыдан кейін Жоғарғы сот қызметтік тексеруді бастап, ақырында Нұрғазы Шетеновті қызметінен босату туралы ұсынысты алға тартты.
Facebook-те жариялаған жазбасында ол судьяларды немесе адамның өліміне тікелей қатысы жоқ басқа лауазымды адамдарды жазалау жағдайды жақсартпайды деп баса атап өтеді.
"Оның әрекетіне, соның ішінде жаза тағайындалғаннан кейінгі әрекеттері, оның қайтадан қылмыс жасауы немесе жасамауы сотқа, яғни маған белгісіз ғой. Құқықтық жүйедегі адамгершілік қағидасы - адамды басты құндылық деп танитын, оның абыройы мен беделіне құрметпен қарайтын, қоғамдық прогрестің мақсаты адам өмірін жақсарту деп білетін аса биік адамгершілік позициядан тұрады", деп жазды ол.
Оның айтуынша, негізі, ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігі, яғни "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" санкциясында үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жаза қарастырылған.
Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық сотының 04.05.2023 жылғы үкімімен С.Гаийбназаров ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
"Гаийбназаровқа бас бостандығынан айырмайтын жазаны төмендегі жағдайларға байланысты тағайындадым: С.Гаийбназаров бұрын, 31.07.2006 жылы ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, сотты болған. Алайда, қылмыстық іске тіркелген анықтамаға сәйкес, 2014 жылы бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде жазаға ауыстырылған болса, 14.06.2016 жылы жазадан босатылған. Ал, 14.01.2022 жылы оның соттылығы толығымен жойылған.ҚК-нің 79-бабының 9-бөлігіне сай, С.Гаийбназаровқа үкім шығару кезінде оның бұрынғы соттылығы жойылған, яғни, бұрынғы соттылығы бойынша барлық қылмыстық-құқықтық салдарлардың күшi жойылған.Сотталушының жазасы 2014 жылы шартты түрде жазаға ауыстырылған кезден бастап, қылмыс жасағанға дейін, яғни 2023 жылға дейін 9 жылға жуық уақыт аралықта бостандықта жүріп тұрғылықты жерінде тұрған. Бостандықта жүрген кезінде қандай да бір жауапқа тартылмаған", делінген судья жазбасында.
Сонымен қатар, ҚК-нің 54-бабының 1-бөлігінің 12-тармағына сай, алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасау қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп танылады. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына қарай бұл мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауға құқылы. Яғни, ҚК-нің осы бабында алкогольді масаң күйде қылмыс жасау міндетті түрде ауырлататын мән-жайлар деп танылмайды.
С.Гаийбназаров жәбірленушімен бірге жалданбалы жұмыста күнделікті 3000 теңге табыс тауып, жәбірленуші Өзбекстан Республикасының азаматы болғандықтан екеуі бірге тұрып, бір үйде отырып спирттік ішімдігін ішкен, содан, екеуі де масаң күйде болғандықтан, араларында бас араздық туындаған. Сол кезде жәбірленуші сотталушыны ұрып жерге құлатқан, нәтижесінде сотталушы ашуға беріліп, жерде жатқан балтаны алып лақтырған кезде жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Яғни, бас араздықтың туындау себебі мен сипатын, оның ішінде негізі ұрыстың себепкері жәбірленуші екенін ескеріп, сотталушының масаң күйде болуын ауырлататын мән-жай деп танымадым. Егерде оны ауырлататын мән-жай деп таныған күннің өзінде ол бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауға кедергі келтірмейтін еді.
"Сотталушы Гайибназаровқа қатысты істі қарау кезде, яғни мамыр айында қасиетті Рамазан айы болатын, өзім де ниет білдіріп ораза ұстаған кезім. Оның жанұясымен ажырасқанын, ата-анасы жоқ екенін жауабынан естіп отырып, оны темір торға жапқанда өмірі тоқтайтынын ойланып, баламалы жаза тағайындағанмын", - дейді Нұрғазы Шетенов.
Сондай-ақ ол осы кезге дейін, жұмыс барысында бірде бір тәртіптік жазаға тартылмағанын, керісінше бірнеше мәрте марапатталып, тіпті облыстық соттың судьясы лауазымына кадрлық резервке де алынғанын баса атап өтеді. Судья өз тарапынан ешқандай заң бұзушылықтар, оның ішінде қылмыстық-процестік заң нормаларын бұзу орын алған жоқ, қоғам тарапынан кибербулингке ұшырағанын айтады. Қалай дегенмен де ол сөз соңында өз жұмысын жалғастыруға ниетті екенін жеткізеді.
13 шілдеде Түркістан облысы Сарыағаш ауданында зорланып, өлтірілген бес жасар қыздың денесі табылды. Сол күні тәртіп сақшылары бірнеше рет сотты болған ер адамды ұстады. Оның қылмыс жасаған кезде пробациялық бақылауда болғаны анықталды. Бірнеше рет сотты болған адамның пробациялық бақылау бойынша босатылғаны, оған жеңіл жаза тағайындалғаны қоғамда үлкен резонанс туғызған болатын.