Кездесу Конституциялық cоттың нормативтік қаулыларын іске асыру мәселелерін қарауға арналды.
"Прокуратура өзінің қадағалау функцияларын орындай отырып, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуге белсенді ықпал етеді. Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары құқық қолдану тәжірибесіндегі маңызды элемент болып, оларды орындау еліміздің әрбір азаматының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі болып табылады", – деп атап өтті Берік Асылов.
Прокурорлар 15 мыңнан астам қылмыстық және 4,5 мың азаматтық істердің, сотталғандардың 3 мың шағымдары мен өтініштерінің, сондай-ақ сотқа дейінгі іс-жүргізуде бұлтартпау шараларын қолдану туралы 3,5 мың құжаттардың Конституциялық Соттың ұстанымдарына сәйкестігін тексерді.
Нәтижесінде 26 адамның құқықтары, оның ішінде конституциялық бақылау органының талаптарын елемеген уәкілетті органдарға 13 қадағалау және ден қою актілерін енгізу арқылы қалпына келтірілді.
Мысалы, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында сомасы 20 млн теңгеден астам азаматтардың зейнетақы құқықтары қалпына келтірілді.
Бір жағдайда, азамат Б. зейнетақысынан айырылғаннан кейін 3,5 жыл бойы әртүрлі мемлекеттік органдар мен сот инстанцияларына сәтсіз жүгінген. Конституциялық Сотқа жүгінгеннен кейін оның зейнетақысы толығымен қалпына келтіріліп, оған 2 млн теңгеден астам сомаға бұрын заңсыз ұсталған зейнетақы төлемдері аударылды.
Конституциялық соттың қорытындыларына сүйене отырып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқан мектеп директорларын әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол берілмеді, өйткені олардың қызметі мүдделер қақтығысын тудырмады және қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалануға бағытталмады.
Жиында азаматтардың құқықтарын нақты қорғаудың басқа да мысалдары айтылды.
Бас Прокурордың өтініші бойынша Конституциялық сот Конституцияның жеке меншікке қол сұғылмаушылыққа қатысты 25 және 26-баптарына ресми түсіндірме бергені атап өтілді.
Енді прокурорлар азаматтарды олардың келісімінсіз тұрғын үйден айыруға байланысты атқарушылық іс жүргізудегі шешімдерге санкция бермейді. Мұндай шешімдерді сот міндетті түрде қабылдауы керек.
Бұдан басқа бүгін Конституциялық Сот қадағалау органы басшысының екінші өтініші бойынша Конституцияның 83-бабына прокуратураның сотта мемлекет мүддесін білдірудегі конституциялық рөлі туралы түсіндірме берді.
Өтініш сотқа дейінгі тергеу сатысында прокурордың тергеу судьясының бірқатар шешімдеріне қатыспауына байланысты құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған.
Сондай-ақ тараптар құқық қолдану саласындағы ағымдағы проблемалар туралы және оларды шешудің өзара қолайлы жолдарын әзірлей отырып пікір алмасты.
Сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бас Прокурор Берік Асылов барлық прокурорларға Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын күнделікті қызметте тікелей қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды.
Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова барлық мемлекеттік органдардың шешімдерін уақтылы және толық орындау қажеттілігіне назар аударып, конституциялық заңдылықтың қамтамасыз етілудегі прокуратураның ерекше рөлін атап өтті.
Кездесу соңында Конституциялық сот пен Бас прокуратура Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау үшін тығыз тәжірибелік өзара іс-қимылда жұмыс істеуді жалғастыратыны атап өтілді. Осы органдармен қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын нығайтуға елеулі үлесін қосуы тиіс.