Қызылордада сотталушы өз-өзіне қол жұмсап, түрме қызметкері сотталды

Қызылордада тергеу изоляторы күзетін және режимін техникалық құралдар арқылы басқару пультінің операторына қатысты сот үкімі шықты. Оның қызмет бабындағы немқұрайлылығы салдарынан тәртіптік изоляторда тұтқындардың бірі дарға асылып қалған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, оқыс оқиға 2023 жылы болған.

ҚР ІІМ ҚАЖК № 68 республикалық мемлекеттік мекемесінің тәртіптік изоляторында тұтындардың бірі дарға асылып қалған. Ол бұрын да өз-өзіне қол салмақ болған, алайда оны мекеме қызметкерлері құтқарып қалған. 

"Сотталушы А. кезекшілікті қабылдап алған кезінде оған тәртіптік изоляторда қамауда отырған сотталған Қ-ның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екендігі, осыған дейін оның мойнына шалбарын байлап, дарға асылуға әрекет жасағаны ескертілген. Кешкі ауысым кезекшілігін қабылдаған сотталушы А. марқұм Қ-ның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін біле тұра, оны назарынан тыс қалдырған. Салдарынан қамауда отырған сотталған марқұм Қ. тәртіптік изоляторға кіретін есіктің жанындағы бейне бақылау камерасының астында тұрып, шалбардың бір ұшын темір торға, бір ұшын мойнына байлап, дарға асылған". Қызылорда қаласының №2 соты

Осылайша, сотталушы А. салғырттық, яғни лауазымды адамның өз міндеттерін қызметіне ұқыпсыз қарауы салдарынан абайсызда ауыр зардаптарға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеліп соқтырған.

Басты сот талқылауында жәбірленуші Г. сотталушыға кешірім беретінін көрсеткен. Сотталушы А. ҚР ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыра отырып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 690 000 (алты жүз тоқсан мың) теңге айыппұл жазасы тағайындалды.

Қызылорда
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: