Ақмола облысында жағдайы өте ауыр науқасты емханаға жолдаған "103-тің" диспетчері сотталды

Қосшы қалалық сотында "103" қызметі бойынша шақыруларды қабылдайтын фельдшерге қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта ол немқұрайлық салдарынан адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян тигізді, кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деп танылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, "103" қызметінің диспетчері А. науқас У-дан шақыруды қабылдап, "артериялық гипертензиямен есепте тұрған, кеудеде ауырсыну, жеделдіктің 1-санатындағы шақыру" хабарламасымен оны Қосшы қаласына жолдаған. Сотталушы, яғни Қосшыдағы фельдшер С. шақыруды қабылдай отырып, 1-ші санаттан 4-ші санатқа ауыстырып, науқастың шағымын бұрмалаған: "жоғары температура, 1 аптадан астам ауырады, қатты жөтел" деп көрсетіп, оны емханаға жолдаған.

"Емхананың фельдшері А. пациент У-ға 4-ші санат бойынша медициналық көмек ретінде тексеріс жүргізіп, екпе салып кеткен. У. медициналық көмекке қанағаттанбай Астана қаласының ауруханасына өз бетінше баруға мәжбүр болады. Ауруханада оған "Жүректің ишемиялық ауруы. Миокард инфарктісі. Стенттеу. Кардиогенді шок. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай" деген диагноз қойылды", делінген сот хабарламасында.


"Сот үкімімен сотталушыға медициналық қызмет көрсету құқығын айыра отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түрінде пробациялық бақылау тағайындалды. Сонымен қатар, сот облыстық денсаулық сақтау басқармасы атына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарды. Жеке қаулымен сот жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің абайсызда пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіретін медицина саласындағы нормативтік құқықтық актілерді өрескел бұзушылығына назар аударды".Ақмола облысы Қосшы қалалық соты

Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: