Декреттік төлем алу үшін жеке кәсіпкерлікті жабу керек пе

Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандық әйелдің декреттік төлем алу үшін жеке кәсіпкерлігін (ЖК) жабуы қажет пе, табыс табуды жалғастыруға бола ма және төлем мөлшері қалай есептелетінін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем алу үшін жеке кәсіпкерлікті жабудың қажеті жоқ. Мұндай төлемді алу құқығы еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген жүктілікке және босануға байланысты демалыс басталған күннен туындайды.

Алайда төлемнің екі түріне қатысты талаптар әртүрлі.

Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген бүкіл кезең үшін бір рет төленеді.

Ал бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу үшін жағдай өзгеше. Негізгі шарт – табыстан айырылу және баланы іс жүзінде күту. Сондықтан бұл төлемді алу кезеңінде ЖК кәсіпкерлік қызметін тоқтата тұруы қажет.

Жұмыс істеп, бір уақытта төлем алуға бола ма?

Кәсіпкерлік қызметті жалғастырып, сонымен қатар бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алу мүмкін емес.

Егер алушы еңбек немесе кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырса, оның табысынан айырылғаны туралы талап орындалмайды.

Яғни кәсіпкер бизнесінен табыс алуды немесе бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алуды таңдауы керек.

Егер төлем алып жүрген кезде кәсіпкер қызметін қайта бастаса немесе төлем мөлшеріне әсер етуі мүмкін жағдайлар өзгерсе, бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне 10 жұмыс күні ішінде хабарлау қажет.

Бұл жағдайда төлем тиісті өтініш берілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.

Кәсіпкер жұмысын жалғастырса не болады?

Әлеуметтік төлем алушы толық әрі дұрыс ақпарат беруге міндетті. Егер оған артық ақша аударылса, ол қаражатты ерікті түрде қайтаруы қажет.

Егер азамат ақшаны қайтарудан бас тартса, қаражат соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде сот тәртібімен өндіріліп алынуы мүмкін.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлем тағайындау үшін пайдаланылатын құжаттар мен мәліметтерді де тексеруге құқылы.

Тексеру әлеуметтік аударымдардың уақытылы немесе толық төленбеуі, әлеуметтік аударымдар көлемінің мәлімделген табысқа сәйкес келмеуі, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің алшақтығы және басқа да жағдайларда жүргізілуі мүмкін.

Егер тексеру жүргізілсе, төлем тағайындауға арналған электрондық іс макеті 30 жұмыс күні ішінде қаралады.

ЖК иесі жалдамалы жұмыс істесе ше?

Әйел бір уақытта еңбек шарты бойынша жұмыс істеп, тіркелген ЖК-сы болуы мүмкін. Мұндай жағдайда төлемді есептеу кезінде жұмыс беруші де, кәсіпкердің өзі де төлеген әлеуметтік аударымдар жасалған табыс ескеріледі.

Жүктілікке және босануға байланысты төлем үшін орташа айлық табыс төлем алу құқығы туындаған айдың алдындағы соңғы 12 күнтізбелік ай бойынша есептеледі. Әлеуметтік аударымдар жүргізілген барлық табыс сомасы 12-ге бөлінеді.

Содан кейін орташа айлық табыс еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты коэффициентке көбейтіледі. Бұл коэффициент еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санын 30 күнтізбелік күнге бөлу арқылы есептеледі.

Ал бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем басқаша есептеледі. Орташа айлық табыс соңғы 24 күнтізбелік ай бойынша анықталып, кейін табысты алмастыру коэффициенті – 0,4 немесе 40% мөлшеріне көбейтіледі.

Декретке аз уақыт қалғанда ЖК ашса не болады?

Әйелдің декреттік демалысқа шығардан аз уақыт бұрын ЖК ашуы оның әлеуметтік төлем алу құқығынан айырмайды.

Кәсіпкер іс жүзінде қызмет жүргізіп, Азаматтық, Кәсіпкерлік, Салық және Әлеуметтік кодекстердің талаптарын сақтауы тиіс. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметтен түсетін нақты ай сайынғы табыс туралы құжаттар мен мәліметтер тексерілуі мүмкін.

ЖК-ның төлемге есептелетін табысы да есептеу арқылы анықталады. Тиісті айда төлеушіден, оның ішінде ЖК-дан түскен әлеуметтік аударымдар сомасы 5% мөлшерлемеге бөлініп, 100%-ға көбейтіледі.

Осылайша, ЖК-ның жұмыс істеп тұруы өздігінен әлеуметтік төлем алуға кедергі емес.

Негізгі айырмашылық бала туғаннан кейінгі кезеңге қатысты: жүктілікке және босануға байланысты төлем алу үшін ЖК-ны жабудың қажеті жоқ, ал бала күтіміне байланысты төлем алу үшін кәсіпкерлік қызметті тоқтата тұру қажет.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

1 қыркүйек қарсаңында пәтер жалдау қымбаттады: Алматы мен Астанадағы бағалар қандай

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

"Әділет" партиясынан Құрылтай құрамына кімдер кіретіні белгілі болды

Құрылтай құрамына кімдер енді: саяси партиялар кандидаттар тізімін жариялай бастады