Өңір прокуратурасы 2026 жылы 14 қазанда интернет арқылы букмекерлік кеңселерде бәс тігумен айналысқан екі мемлекеттік қызметшінің анықталғанын хабарлады. Олардың бірі Есіл ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, екіншісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы лауазымдарын атқарған.
"Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде аталған екі лауазымды тұлға да атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. Мемлекеттік қызметшілерге мұндай әрекеттерге жол берілмейді. Заңда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтау қажет", деп нақтылайды құзырлы орган.
Бұған дейін Шортанды ауданының прокуратурасы жекелеген мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға, бәс тігуге қатысқанын анықтағаны хабарланған.