Қызылорда облысында қант диабетіне шалдыққандар саны 10 мыңнан асып жығылды. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш еселеп артқан. Әсіресе дерт балалар арасында белең алып барады, деп жазады Хабар 24 арнасы.
Бүкіләлемдік қант диабетіне қарсы күрес күніне орай сырбойылық дәрігерлер науқастар санын азайту мен аурудың алдын алуға қатысты жиын өткізді. Глюкометр және тест-таяқшалары.
Әр таңы қан құрамындағы қант мөлшерін тексерумен басталатын он жасар Жанерке осы құралдардың тілін жетік меңгеріп алған.
3 жыл бұрын жол апатынан кейін пайда болған дерт күнделікті өлшем, тағамдық шектеулерді қажет етеді. Жастайынан аурухана жағалап өскен өрімдей қыз бұл қиындықты да еңсеретініне сенімді.
Жанерке Бақытбек, Ж.Махамбетов ауылының тұрғыны:
– Арман – осы дерттен сауығып кету және үлкен оқу орнына түсу. Тележурналистика немесе қолөнер шеберлігіне, дизайнер сол үшеуінің біреуін таңдасам деймін. Телефонға өз ойымша бағдарламалар түсіріп ойнаймын. Қолдан жасалған заттарды жақсы көремін. Күнде сондай заттар жасаймын.
Жанеркенің жан жарасы әкесі Бақытбектің жүрегіне қатты батады. Ол қызының аппаратқа таңулы ағзасына қандай ем-дом жүргізуге болса да дайын. Бақытбектің айтуынша, қант диабеті туралы ақпараттың халық арасында түсіндірілуі әлі де болса кемшін көрінеді.
Бақытбек Үсенбаев, Жанеркенің әкесі:
– Диабет туралы бізде білім болмады. Үйімізде, отбасыда диабетпен ауырған адам жоқ. Қызым нашарлап, емханаларға апардық. Бәрі жақсы дейді де, нақты диагноз қоя алмады. Ең соңында комаға құлайын деп жатқанда бір емес, 3 жедел жәрдем келді. 2-еуінде де алмай кетті, Үшіншісінде өз көлігіммен балалар ауруханасына апарып, қабылдау бөлімінде қантын өлшеген кезде 27-ге көтеріліп кеткен.
Бүгінде облыс бойынша 96 бала инсулинге тәуелді. 3 жыл бұрын бұл көрсеткіш 50-дің шамасында болған.
Қанат Медетбаев, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
– Өткен жылы 17 науқас алғаш рет қант диабетімен анықталса, биыл 15 науқас бірінші рет қант диабеті бірінші типімен анықалып, емін алуда.
Қазіргі кезде 96 есепте тұрған баланың 80-інде арнайы инсулиндік помпамен жұмыс жасауда.
Раиса Ысқақ, балалар эндокринологы:
– Облыстық балалар ауруханасына бөлімшеге аптасына кемінде 2 бала алғаш рет қант диабеті анықталып түседі. Оның себебі ретінде қазіргі таңда ата-аналардың тез дайындалатын тағамдармен тамақтандыруымен байланыстыруға болады. Соның есебінен баланың иммунитеті төмен болады, балаға жиі салқын тиіп ауруына байланысты ары қарай қант диабеті болуы мүмкін.
Қант диабетінің өсіміне қалай тосқауыл боламыз? Осы сұрақ аймақ дәрігерлері басқосуының басты тақырыбы болды. Жиынға қатысушы ата-аналар аудандық емдеу орындарының эндокринолог мамандармен қамтылуы жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Руслан Айтмамбетов
Фото: 24.kz