Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2017 жылы Қазақстан алғаш рет Қытайға машина экспорттай бастағанын айтты, - деп хабарлайды Baq.kz.
«Біз әлемнің 113 еліне өңдеу секторының 800-ден астам тауарын экспорттаймыз. Уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фасфор, ұн, мақта майын, бидай, зығыр тұқымын жеткізуде еліміз әлемдік көшбасшы болып есептелінеді. Соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды. Ал экспортталатын тауарлардың үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторға тиесілі», - деді министр.
Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек еліміздің алғаш рет Қытайға машина экспорттай бастағанын атап өтті.
«Алғаш рет Қазақстан теміржол саласындағы машина өнімдерін экспорттай бастады. Ол – электровоз, тепловоздар. Бұл өнімдер Орталық Азия елдеріне, Украинаға экспорттала бастады. Қазақстанда құрастырылған машиналар көрші елдердің нарығына шығарылды. Осы жылы алғаш рет Қытайға машина экспорттай бастадық. Жолаушылар вагоны, рельстерді және қазақстандық өндірістің әскери-өнеркәсіп кешенінің өнімдерін экспортқа шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді ол.
Сондай-ақ министр отандық трасформаторлар мен аккумулятордың шетелде жоғары сұранысқа ие екенін атап өтті.
«Отандық трасформаторлады жеткізудің үлесі артты. Сонымен қатар аккумулятордың экпорттық үлесі жоғары. Осы жылы біз 1 млн 200 мың аккумуляторды сыртқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Олар Таяу Шығысқа, Кеден елдеріне. Сондай-ақ отандық азық-түлік өнімдері шетелде жоғары сұранысқа ие. Оның экспорттың көлемі 2 млрд долларға жуық», - деді ведомство басшысы.
2017 жылдың 9 айында өңделген тауар экспорты 22%-ға өсіп, 1,1 млрд долларды құраған.
«Ферроқорытпаларды, мұнай өнімдерін, мыс, прокат, пропан мен бутан, мырыш жеткізілімдері артты. Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлардың үлесі 32%-ды құрады», - деп түйіндеді сөзін Жеңіс Қасымбек.
Фото: baq.kz