Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесiнiң жұмысымен танысты. Кеңсе Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан Мемлекеттiк университетiнде орналасқан. Ауқымды жобаға 10 адам тартылған. Жобаның басты мақсаты Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы басты бағыттарды iске асыру. Құмар Ақсақалов ұлттық құндылықтарды жандандыру Елбасы мақаласының өзегi екенiн атап өттi.
Қазiргi таңда аймақтық мәдениет мен тарихтың рөлiн түсiнуде жаңа көзқарастың керек екенi анық. Бiздiң мемлекет жаңа әлеуметтiк-мәдени ортаны қалыптастыра отыра, елге деген сүйiспеншiлiктi алдыңғы қатарға қою қажет. Туған жерге деген махаббатты сiңiру де аса маңызды iс.
«Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесiнiң жетекшiсi, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраеваның айтуынша, жобалау кеңсесi төрт бағыт бойынша жұмыс жасайды: «Атамекен», «Ақпарат толқыны», «Тәрбие және бiлiм» және «Рухани қазына». Бұл салалар бойынша ақпараттық-насихат жұмыстары жүргiзiлуде. Өңiрде 5 дөңгелек үстел, 4 конференция, бiр форум, 5 көрме, 11 зерттеу экспедициясы, сондай-ақ флешмобтар мен ауқымды акциялар өткiзiлдi. Кеңсенiң қызметкерлерi әлеуметтiк желiлерде де белсендi ақпараттық науқан жүргiзiп жатыр.
«Рухани қазына» бойынша 23 жоба жүзеге асырылуда. Оның iшiнде «Туған жер», «Қазақстанның киелi жерлерi» және «Қасиеттi Қазақстан» сынды ауқымды жобалар бар. «Рухани қазынаның» басты мақсаты тұрғындар арасында жергiлiктi тарих, салт-дәстүр және мәдениетке деген қызығушылықты ояту. «Тәрбие және бiлiм» бойынша «Өлкетану», «Отаным — тағдырым» және «Саналы Азамат» жобалары жүзеге асады. «Ақпарат толқыны» бойынша жобалар саны тоғызға жеттi. «Атамекен» жобасы азаматтарды, үкiметтiк емес ұйымдарды, ерiктiлер, меценаттар, кәсiпкерлер мен мемлекеттiк органдарды жергiлiктi халықтың мәселелерiн шешуге шақыру және соны ұйымдастыру. Өңiр басшысы «Атамекен» жобасына ерекше мән берiп, оның аясында белгiлi жерлестердi меценат ретiнде тарту керектiгiн баса айтты.