Қысқы Олимпиадада Оңтүстік Кореяның азаматшасы Қазақстан атынан өнер көрсетеді

Ким Йонг А – Қазақстанның шорт-тректен әйелдер құрамасының спортшысы.
Оңтүстік Кореяның бұрынғы азаматшасы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиадада Қазақстан намысын қорғайды, - деп хабарлайды Хабар 24.

Ким Йонг А – Қазақстанның шорт-тректен әйелдер құрамасының спортшысы. Әлем кубогының үш кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтығын алған Ким екі лицензия жеңіп алған.

Йонг А-ның әкесі Ким Джонг Гон қызының қол жеткізген медальдарын көзінің қарашығындай сақтап отыр. Дәрігер, дизайнер, музыкант және спортшы мамандығын таңдаған төрт қызды тәрбиелеген әке қандай мақтауға болсын лайық азамат. Ёна төртінші сыныптан бастап конькимен жүгіру спортымен айналыса бастаған. Спортшы қыз Корея мен Азияда үздіктер қатарында. Оны елімізге Қазақстан құрамасының жетекшісі болған бұрынғы жаттықтырушысы шақырған. Йонг А-ның Қазақстан азаматтығын алу шешіміне ата-анасы түсіністікпен қараған.

- Қазір қай ел ұнаса сол елдің азаматтығын алуға мүмкіндік бар. Спортшы ретінде арманыңа қол жеткізетін елде өмір сүру - өте керемет және бірегей бақыт. Қазақстан тұрғындары өте мейірімді және ауқатты тұратынын білемін. Үлкен аумағы да адамдарға еркіндік береді, әрі Кореямен салыстырғанда ол жақтың ауасы таза, - дейді Ким Йонг Аның әкесі Ким Джонг Гон.

Қазақстан құрамасында оған еліміздің даңқты қызы Әлия Молдағұлованың құрметіне орай Әлия деген есім берілген. Астанада тұрған үш жыл ішінде Ким Йонг А қазақтың тіл үйірер тағамдарын сүйсіне жеп, қазақ тілін үйренуді бастап кеткен.

-Қазақстанмен салыстырғанда Кореядағы мұз алаңдары әлдеқайда суық. Сондықтан да жаттығу жасаған қолайлы. Пхёнчханда менің бүкіл өмірім өтті, ауа-райын да жақсы білемін, ас-ауқаты да үйреншікті мен үшін. Сондықтан да осында өтетін олимпиадада жеңіске жетуге бар күш-жігерімді саламын, - дейді шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі Ким Йонг А.

Ким Йонг А шорт-тректен әйелдер құрамасымен бірге олимпиада алдындағы жаттығуларын Оңтүстік Кореяда өткізетін болады. Байрақты бәсеке алдында ата-ананың қолдауы да маңызды. Олар жаттығу кезінде қыздарының жанынан табылу үшін Пхёнчхандағы олимпиадаға билет те алып қойыпты.

Фото: Хабар 24
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: