Астана қаласының әкімдігінде Әсет Исекешев Мәскеуде өткен КВН ойындарының жоғарғы лигасының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz елорда әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.
«Биылғы жыл «Спарта Номад» командасы үшін табысты болды. Алғаш рет қазақстандық ойыншылар КВН ойындарының жоғарғы лигасының чемпиондары атанып, елордамызға ойынның ең басты кубогін алып келді. Біз сендерді мақтан тұтамыз», - деді Әсет Исекешев кездесу барысында.
Топ басшысы Данияр Жұмаділов әкімдікке көрсеткен қолдауы үшін алғысын айтып, қазақстандық команданың жеңісті көптен күткенін тілге тиек етті.
«Отандық командалар КВН ойындарына 1999 жылдан бері қатысып келді. Жеңіске жету үшін біз көп жұмыс істедік, іздендік. Чемпиондықты 17 жыл күттік. Біздің жеңімпаз атанғандығымыз туралы хабарды жиылған жұрт жылы қабылдап, бізге зор қошемет көрсетті», - деп атап өтті Данияр Жұмаділов.
Естеріңізге салайық, КВН ойындарының жоғарғы лигасының финалы 15 желтоқсанында Мәскеу қаласындағы Ресей әскері театрында өткен болатын. Эфир Ресейдің «Бірінші арна» телеарнасынан 30 желтоқсан күні көрсетілетін болады.