Еліміздегі ойыншықтардың 35 пайызы техникалық талаптарға сай келмейді

Ойыншықтардың 4,7 пайызынан адам ағзасына зиянды, улы заттар табылды.

Техникалық талапқа сай келмейтін өнім көлемі 2015 жылғы көрсеткішке қарағанда 30 пайыздан 10 пайызға төмендеді, - деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Баспасөз мәслихатында өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, сүт, тауық пен ет өнімдері, кондитерлік тағамдарды тексеру барысында азық-түліктің 8,1 пайызы талаптарға сай емес, яғни құрамында зиянды заттардың бар екендігі анықталды. Жандарбек Бекшин шетелден әкелінетін тауарларды тізіп, олардың құрамынан формальдегид пен фенол сияқты улы химикаттар табылғанын айтты. Сонымен қатар балалардың денсаулығына зиян ойыншықтар да жетерлік.

– Биыл тексерістен өткізілген ойыншықтардың 35 пайызы техникалық талаптарға сай келмейтінін анықтадық. Ал олардың 4,7 пайызынан адам ағзасына зиянды, улы заттар табылды. Ойыншықтардың 60 пайызы Қытайдан, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қырғызстан елдерінен тасымалданады. Енді келесі жылдан бастап Қазақстанға тек қауіпсіздік нормаларына сай сертификаты бар өндірушілер ғана ойыншықтарын әкеле алады, - деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: