ШҚО-ның таулы аймақтарында көшкін қаупі бар 497 аумақ тіркелген

Қар қалың түсетін аумақтарға 207 арнайы ескерту белгісі қойылған.

Шығыс Қазақстан облысында бүгінге дейін небары 35-40 сантиметр қар түсті. Алайда таулы аймақта көшкін қаупі бар 497 аумақ тіркелген, деп жазады Хабар 24 арнасы.

Олардың 336-сы – қырат пен қырқаның арасында жатқан елді мекен мен автокөлік жолдары.

Тіпті 7 ауыл дәл қар көшкінінің өтінде тұр. Сондықтан облыстық селден қорғау мекемесінің мамандары қар үйінділерін механикалық жолмен түсіріп жатыр.

Қар қалың түсетін аумақтарға 207 арнайы ескерту белгісі қойылған. Ал 24 бағыт бойынша 21 байқаушы қардың қалыңдығын өлшеп, күнделікті мониторинг жасайды. Биыл қыс түскелі мамандар таулы аймақтарда бірнеше бағыт бойынша қар көшкінін жасаған. Нәтижесінде 2 мың текше метрге жуық қар түсті.

Есімхан Бәтібаев, облыстық «Қазселденқорғау» филиал басшысының орынбасары: – Қардың арасынан су шықса, қар мен жердің арасында байланыс азайып қалады.Сол себептен өткен жұманың ішінде 6 профилактикалық жұмыс жасап шықтық. Барлық жерге жаңадан тақтайшалар қойып қойдық. Содан кейін мекемелерге жұмыс істеп, ескертулер беріп, қағаздарын беріп қадағалу жасап қойдық.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: