Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері алдағы уақытта «Цифрлы академия» арнайы жобасының жүзеге асырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Хабар 24.
Осы арқылы мемлекеттік қызметкерлерді заманауи технологияға бейімдеп, олардың жедел әрі ашық түрде қызмет көрсетуіне ықпал жасалмақ. Тағы бір жаңалық, мемлекеттік қызметкерлер арнайы стандарт бойынша сертификаттаудан өтеді. Бұл іс мамандардың біліктілігін анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы еліміз бойынша бос орындарға 23 мыңнан аса конкурс жарияланған. Нәтижесінде соның он мыңы қызметке тағайындалыпты. Жемісті еңбектің арқасында бес жарым мың мемлекеттік қызметкердің лауазымы өскен. Осындай дерек келтірген Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері енді екі бағытпен жұмыс істейтіндерін жеткізді.
- Бірінші бағыт – елімізде заңды түрде қабылданған ұлттық стандарттардың қатарындағы 21 мың 500 стандарты. Жобаларды басқару стандартына сәйкес, біз мемлекеттік қызметшілерді және мемлекеттік орган қарамағындағы мекемелердің қызметшілерін осы стандарт бойынша сертификаттауды көздеп отырмыз. Екінші бағыт – біз былтыр Ұлыбританияның үкіметінің жанындағы арнайы мекемемен келісімшартқа қол қойып, солармен бірігіп, еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіне шетелдік тәжірибені де әкелу үшін жалпы «принцип ту» деген стандартты енгізуді көздеп отырмыз, - дейді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының орталық басшысы Жанар Тайжанова.