Атырау облысының бас имамы Батыржан қажы Берденұлы жаназа және жерлеу рәсімдеріне қатысты бірқатар ұсыныстар жасаған екен. Бұл кісі марқұмның үш күндік, жеті күндік және қырық күндік қаделерін бір күнге өткізу тәжірибесі енгізу мәселесін де көтеріп отыр. Дегенмен, бұл ұсыныста діни асыра сілтеушілік байқалады. Баяғы коммунистік идеология да осындай асыра сілтеушілік салдарынан құрдымға кеткен еді, деп жазады Abai.kz.
«Саралап қарасақ, үш күнге бір бөлек, жеті күнге бір бөлек, қырық күнге бір бөлек дастархан жая беру, оның барлығы сайып келгенде, ысырапшылдыққа жол ашады. Әрі осы қаделердің қай қайсына да сол таныс адамдары айналып қатыса береді. Егер, қаделерді біріктіріп, бір күнді белгілейтін болсақ, былайғы жұрттың уақытын да үнемдер едік. Әрі бұл шаңыраққа да ыңғайлы болады», – деген екен бас имам Батыржан қажы Берденұлы.
Имамдар қазақ дәстүрінен діни түсініктер арқылы араб мәдениетіне, дүниетанымына жақын деңгейде ойлана бастағанын аңғару қиын емес. Ол кісінің халықтың уақыты мен жағдайын ойлауы – жай ғана сынықтан сылтау іздеу. XIX-XX ғасырдың өзінде түрік халықтарының бір жағы орыстанып, бір жағы араб-парсыланып жатқанда қазақ өзінің төл дүниетанымы мен дәстүрін, тілін сақтап қалған ұлт еді. Тіл мәдени контаминациялардың көрсеткіші десек, қазақ тілі туралы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан “Анық түрiк затты халық тiлi бiздiң қазақта” деп кесіп айтқан еді. Бүгінде жетісін, кей жерде тоғызын, қырықын, жылдық асын беру – біршама түрік текті халықтарда сақталған. Енді, біз өз тегімізден жерініп, олардан кері кетіп, араб болуымыз керек пе екен?
Арабтарда аруақ ұғымы жоқ. Олар үшін өмірден қайтқан адамның тірілер арасында еш орны жоқ. Ал біздің қазақта керісінше.
Ертеде тойдың ең үлкені – аруақтарға арналып жасалатын ас еді. Бүгінде тойдың ең үлкені жастардың үйлену тойы болып өзгерді. Неге асты ұланасыр етіп өткізетін еді? Өйткені, бабалардың жүріп өткен жолын осы аста насихаттайтын болған. Жыршылар аруақтың ерлігін таң асырып жырлайтын болған. Ұлтымыздың бар асылының (ұлттық тағам, ұлттық спорт, ұлттық өнердің сан түрі) бәрі қазақтың астарында көрініс тапқан. Өнегелі сөздер мен ерліктерді, қариялардың қазыналы әңгімелерін, би-шешендердің келелі жиындары арқылы ұлттық құндылықтарды жастар осындай астарда бойларына сіңіретін болған.
Ежелде ұлы қағандарға арнап арнайы еске алу кешенін тұрызып, тас мүсінін орнатып, құрбандық шалу орындарын әзірлеген. Тіпті жоқтау жырын бітік тастарға қашап жазған. Қазақтың жоқтау дәстүрі ерте дәуірлерден бастау алып тұр. Біз сол заманда-ақ қайтыс болған адамның бет-бейнесін ғана емес, тасқа жазылған жоқтау жыры арқылы сүрген өмірін, жеткен жетістіктерін де ұрпаққа қалдыра білетін едік…
Ондай астатөк ас өткізбесек те марқұмның жасаған жақсылығын көбірек айтып, балаларға үлгі етудің қандай сөкеттігі бар? “Аруағын ардақтаған ел азбайды”, “Өліні құрметтеу тірі үшін”, “Өлі разы болмай, тірі баймайды” деген тәрізді қазақтың қасиетті сөздерін қайда қоямыз? Қазақ барған сайын аруақты еске алудан да қалып барады. Онсыз да барымыз ит-құсқа жем болып жатқанда өмірге әкеліп, ел еткен, жерімізді жандарын беріп қорғаған бабаларымызға тіпті ас өткізуге жарымағанымыз ба?
Дәстүрді, ұлттық ерекшеліктерді жою бір күнде жүрмейді. Біртіндеп жүзеге асады. “Ысырапшылдық жасап, дастарханды толтырмаңыздар” деді. Оған көңдік. Шын мәнінде жер басып жүргенімізге қайтыс болған бабаларымыз, ата-аналарымыз алдында шексіз қарыздар болсақ та, олардың құрметіне дастархан жаймауымыз керек пе? “Аруақтар тие берсін” деп ас тірілерге емес, марқұмдарға арналады емес пе? Бұл мәселеде “мыңқ” демедік. Енді жетісі мен қырқына ауыз салып отыр екен. Тағы да үн шығармасақ, бүкіл дәстүрімізді жоқ қылатын түрі бар ғой. Ертең тіпті ата-бабаларыңызды ауызға алып мүлде еске алмаңыздар десе қуана-қуана қоштайтындар табылуы бек мүмкін.
Шын мәнінде марқұмды шығарып салу рәсімін әркім өз шамасына қарай жасайды. Оған тағы ел-жұрты қарайласып, қолдау көрсетеді. Сол себепті, дін қызметкерлерінің аруақты еске алу шараларына тыйым салуы еш негізсіз.
Арман Әубәкір