Астанадағы уақытша ұстау абақтысынан қашып кеткен күдікті Қарағанды облысында ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйелері комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
25 ақпан күні түстен кейін Астанадағы уақытша ұстау абақтысынан қашып кеткен күдікті Арғымбаевты іздестіру жұмыстарын аяқтау үшін Құқық қорғау органдарына бір күннен астам уақыт кетті. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірлескен жұмысы оң нәтиже берді.
Комитеттің хабарлауынша, Қарағанды облысы ІІД Нұра аудандық ішкі істер органдарының қызметкерлері түн ішінде Ахмет ауылы маңында "Жигули" жеңіл көлігін тоқтатқан.
"Тексеріс кезінде көліктің ішінде күдікті Арғымбаевтың жолаушы ретінде отырғаны анықталды. Қайта тұтқындау барысында ол ешқандай қарсылық көрсетпеген. Уақытша ұстау абақтысынан қашып кеткені үшін Қылмыстық кодекстің 426 бабына сәйкес үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деп мәлімдейді ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйелері комитеті.