ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді шетел инвестицияларын тарту мәселелері жөнінде баяндады. Бұл туралы zakon.kz, primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны $15,8 млрд құрады, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға жоғары көрсеткіш.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Kazakh Invest» АҚ-мен бірлесіп, жалпы құны $47,8 млрд болатын, іске асырылып жатқан 145 инвестициялық жобаның негізгі тізімін қалыптастырды, оған барлық елдік ынтымақтастық бағдарламалары аясындағы жобалар, соның ішінде қазақстандық–қытай, қазақстандық–түрік және басқа да инвестициялық жобалар кірді.
Қазақстан–Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы $27,7 млрд болатын 51 жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың шамамен $140 млн сомасына 4 жоба енгізілді. Биыл $623 млн инвестициялар көлемі бар қытай капиталының қатысуымен 5 жобаның құрылысы басталады. Қазақстан–Түркия ынтымақтастығы бағдарламасы («Жаңа синергия») 26 жобадан тұрады. Осы жылы жалпы сомасы $15,5 млн болатын 2 жобаны жүзеге асыру көзделген. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының шет елдерге сапары барысында қол қойылған келісімдер аясында жүзеге асырылатын басқа да инвестициялық жобалар негізгі тізімге енгізілген.
Биыл жалпы 145 жобаның $1,6 млрд сомасына 15 жобасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Келешекте халықаралық қаржы институттарының қаражаттары тартылатын жобалар, оның ішінде МЖӘ жобалары тізімге қосылады.
Осы жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Ұлттық инвестициялық стратегияны іске асырудың белсенді кезеңіне көшеді. 2018 жылы 45 іс-шараны орындау көзделген.
«Инвестициялар тарту мәселесі – Министрліктің басты басымдықты жұмыстарының бірі әрі әрдайым тұрақты бақылаудағы іс», — деп қорытындылады Жеңіс Қасымбек.
ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, экономиканың басым салаларына шетел инвестицияларын және инновациялық технологияларды тартуға, сондай-ақ отандық экспорттық өнімдерді өткізуге жәрдемдесу — ҚР сыртқы экономикалық саясатының басты элементі және сауда мен экономикалық дипломатияның негізгі басымдықтарының бірі.
Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Мемлекет басшысы экономикалық дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөледі. Шет елдерге ресми сапарлардың барлығы дерлік оның шетелдік бизнес қауымдастықтармен жеке кездесулерін көздейді, коммерциялық келісімдер жасалады. Мәселен, Елбасының 2016–2017 жж. сапарлары аясында $6 млрд астам сомаға инвестициялық және сауда келісімдеріне қол қойылды. 2018 жылғы қаңтардағы Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапарының қорытындысы бойынша шамамен $7 млрд сомасын құрайтын 27 құжатқа қол қойылды.
Инвестицияларды сыртқы деңгейде тарту жөніндегі жұмысты күшейту мақсатында инвесторлармен мақсатты жұмыс істеу үшін 10 басымдықты елдерде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялық кеңесшілер желісін өрістету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
ҚР-ның шет елдердегі мекемелері «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның шет елдердегі өкілдерімен бірлесіп шетелдік іскерлік қауымдастықпен инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бойынша тұрақты іс-шаралар өткізуде.
«Жалпы алғанда, ел басшылығы белгілеген сыртқы экономикалық бағыттар СІМ қызметінің барлық спектрі бойынша айқындаушы фактор ретінде қойылған. Сыртқы саяси ведомство, әсіресе экономикалық дипломатияны ынталандыру, шетелдік инвестицияларды тартуда ішкі тетіктер мен сыртқы әріптестер арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретінде танылады. Аталған көпжоспарлы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», — деп түйіндеді Мұхтар Тілеуберді.