Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап Zakon.kz.
Отырыста қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бойынша Іс-шаралар жоспары туралы, Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының атқарған қызметінің нәтижелері, сондай-ақ жаңа редакциядағы әліпби негізінде ереже жобасын әзірлеп, бекіту мәселелері талқыланды.
«Елбасы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа өзгеріс енгізді. Жаңа нұсқа көпшіліктің, қоғамның, тіл мамандарының қолдауына ие болды, сонымен қатар Комиссия мүшелерінің пікірі де ескерілді. Енді Елбасы тапсырмасына сәйкес тіліміздің мәртебесін арттыру бағытында жұмыстарды жалғастыруымыз қажет», — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Латын графикасына көшу бойынша негізгі жұмыс бағыттары жөнінде мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е. Қажыбек баяндама жасады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» Партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М. Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А. Балаева, «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Е. Қарин және басқалар өз пікірлерімен бөлісті.
Анықтама: Ұлттық комиссия Үкіметтің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі мақсаты –– қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзірлеп бекіту, жұмыс барысын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақылау жасау.
Комиссия құрамына төрағаның орынбасары – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаев, сонымен қатар ҚР Президенті Әкімшілігінің, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері мен тіл саласының мамандары кірді.
Қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру көзделуде.
Бірінші кезең 2018-2020 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде дайындық жұмыстары және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу ережелері, латын графикасына мәтіндік қайта кодтаушыға арналған конвертер бағдарламасын және IT-қосымша әзірленеді.
Екінші кезең — 2021-2023 жылдар. Бұл кезеңде ұйымдастырушылық және әдістемелік шаралар өткізіледі. Орталықтардың оқытушылары мен ересек тұрғындарды үйрету үшін филологтар мен тілші лингвист ғалымдарды тарта отырып, семинарлар мен дәрістер, курстар ұйымдастыру. Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарды латын графикасы негізіндегі мемлекеттік тілде беруді қамтамасыз ету.
Үшінші кезең – 2024-2025 жылдар. Мемлекеттік және жергілікті мемлекеттік органдардың іс қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-ты және мемлекеттік баспа басылымдарды латын графикасына (кезең-кезеңмен) көшіру, сондай-ақ білім беру ұйымдарының ісқағаздарын латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру ұйымдастырылады.
Сондай-ақ тіл білімі және АТ саласындағы сарапшыларды тарта отырып, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары құрылды:
Орфографиялық жұмыс тобы қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі орфография және орфоэпия ережелерін дайындайды.
Әдістемелік жұмыс тобы оқыту, зерттеу және оны кезең-кезеңімен білім беру жүйесіне енгізумен айналысады.
Терминологиялық жұмыс тобы терминологиялық қорды жүйелеумен айналысады.
Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобы IT технология және ақпараттық кеңістікке бейімдеумен шұғылданады.