Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда табиғи апатқа дайындық жүріп жатыр. Петропавлда тұрғындарды эвакуациялауға арналған арнайы орындар әзірленіп, азық-түлік қоры жасақталды, деп хабарлайды Baq.kz.
Петропавлда 4 эвакуациялық пункт ұйымдастырылған. Солардың бірі Заречный кентінде орналасқан №13 орта мектеп. Былтыр қауіпті аумақтан бұл жерге 60 адам көшірілді. Нина Удод аталған ықшам ауданда тұрып жатқанына 15 жыл болыпты.
«Көршілерім 40-50 жыл бойы осы ауданда тұрады. Мұндай суды былтыр бірінші рет көрдік. Үйімізді су басқан кезде мектепті паналадық. Жататын орын болды, асымызды уақытылы беріп тұрды. Биыл енді тасқын болмайды деп үміттенеміз», - дейді Петропавл қаласындағы Заречный кентінің тұрғыны Нина Удод.
Заречный кентіндегі эвакуациялық пункт 1500 адамды қабылдай алады. Наурыз айының ортасында мұнда тасқын кезіндегі іс-қимылдарды пысықтау үшін оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Әзірге мұнда 50 кереует бар. Азық-түлік жеткізу үшін жеке кәсіпкермен келісімге қол қойылған. Осылайша қорда 150 келі картоп, 50 келі күріш, қарақұмық және макарон өнімдері бар. Сонымен қатар, сұйық май мен ет, ұн да қарастырылған. 100 литр таза ауызсу да әзір тұр.
«Мектептің спорт залына былтыр 37 кереует қойғанбыз. Сонымен қоса, тағы бірнеше сыныпта жататын орындар ұйымдастырдық. Биыл да дайындалып жатырмыз. Өткен жылғы олқылықтарды да ескердік. Мектебіміз уақытша эвакуациялық пункт ретінде халықты қабылдауға дайын», - дейді Петропавл қалалық №13 орта мектеп директоры Бауыржан Жүнісов.
Заречный кентінде бүгінде мүмкіндігі шектеулі 100 адам тұрып жатыр. Олар су тасқыны болған жағдайда эвакуциялық пунктке бірінші жеткізіледі.
Су тасқынын болдырмау мен салдарын жою үшін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы штаб құрылды. Құрамына өрт сөндіру, төтенше жағдай департаменті, атқарушы органдардың өкілдері, барлығы 16 мекеменің маманы бар.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ. Табиғи апат жағдайды ушықтыратын болса, қосымша күш-құрылымдары жұмылдырылады. Оған қоса, басқа өңірлердің құтқарушылары қашанда көмекке келуге дайын. Өз күшіміз жеткілікті болады деп ойлаймыз», - дейді СҚО ТЖД төтенше жағдай салдарын жою бөлімінің бастығы Болатжан Асқарбеков.
Есіл өзенінің бойында орналасқан 127 елдімекен ерекше назарға алынған. Облыс орталығында Заречный кенті мен Ойқала ауданы қауіпті аймақ қатарында. Синоптиктердің сөзіне қарағанда, сәуірдің 5-і мен 6-сы күндері су тасқыны басталуы мүмкін.
«5 сәуірде ауа температурасы түнде 0 °C, күндіз +5 °C, кей жерлерде 10 градусқа дейін жылынады. Күннің жылынуына байланысты облыста 3-5 сәуір аралығында өзендерде мұздың біртіндеп еруі, ағын сулардың көбеюі, су деңгейінің көтерілуі және өзен алқабын су басуы ықтимал», - дейді «Қазгидромет» СҚОФ бөлім бастығы Дәурен Қосшығұлов.
Мамандардың сөзіне қарағанда, қазір Есіл өзенінің мұз қабатының қалыңдығы 46-79 сантиметр аралығында. Ал Сергеев су қоймасындағы су көлемі 623 млн текше метр, яғни 90 пайызға толық.
Эльмира Кәленова