Парламент Мәжілісінің депутаттары kundelik.kz бағдарламасының қайдан келгенін, Қазақстандағы білім жүйесіне қалайша енгізілгенін тексеруді талап етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу кезінде отандық бизнестің шетке ысырылып жатқаны туралы шағымдар келіп түсіп жатыр. Соның бірі - көпке бұрын белгілі болмаған kundelik.kz бағдарламалық өнімі. Оның мазмұны мен кімге қажетті екеніне тиіспей тұрып, ол бағдарламаны жасаушыларға мән бермей қоюға болмайды. БАҚ-қа сенсек, 2016 жылдың наурызында әзірленген бағдарламаның құрылтайшысы «Кundelik» ЖШС - қазақстандық заңды және жеке тұлғалармен бірге РФ-ның «Дневник.ру» жауапкершілігі шектеулі қоғамы болып табылады. Бұған қоса қазақстандық компанияның 45 пайыздық үлесі - «Дневник.ру» ЖШО-ға тиесілі. Дәл ресейлік платформаның базасында қазақстандық электрондық күнделік жұмыс істеп тұр», - деді бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат Кеңес Абсаттиров БҒМ басшысына сауал жолдай отырып.
Оның айтуынша, «Ақ жол» фракциясы 2017 жылдың қыркүйек айында қазіргі білім жүйесінің жағдайында басқа елге кетіп жатқан жастардың мәселесін көтерген.
«Ал енді келіп ұзақ уақыт бойы қазақстандық оқушылардың оқу үлгерімін қамтамасыз етуде шетелдік компанияны жұмылдыру - үздік оқитын балалардың ешқандай ҰБТ-сыз көршілес елдердің ЖОО-ларына түсуіне жайлы жағдай жасары анық. Осыған байланысты бірнеше сұрақ туындайды? Неліктен БҒМ белсенді түрде насихаттайтын Бірыңғай электрондық күнделік - ресейлік платформада жасалады. Ал бізде 2010 жылдан бастап ел ішіндегі мектептерде сапасы одан кем түспейтін «Инновациялық технологиялардың орталығы» ЖШС əзірлеген бағдарламалық өнімдер бар. Неліктен шетелде үлесі бар компанияға оқушылар мен ата-аналардың персоналдық мəліметтері беріледі? Неге шетелге қатысы бар жеке компания ақпараттық жүйелердің бірыңғай мемлекеттік операторға тиесілі БҒМ сервисін қолданады. МЖƏ жобасын жүзеге асыруға жауапты атқарушымен неліктен қазақстандық мердігердің өтінімі шетке ысырылды?», - деді ол.
Халық қалаулысы осыған байланысты мына сауалға жауап беруді сұрады.
«Жоғарыда аталған жоба бойынша мемлекеттік-жекешелік əріптестік бойынша келісім жасалды ма? Жасалса кіммен? Екіншіден, 2017 жылдың 4 наурызында өткен «Атамекен» ҰКП отырысындағы қайта конкурс өткізуді ұйымдастыру неліктен өткізілмеген?», - деп түйді депутат.