Ақтөбеде ауыл әкімі, басқарма басшысы алдына келген адаммен дұрыс сөйлеспегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Расул Медетов жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылады.
Өңірде әлі де болса алдына келген тұрғынмен дұрыс сөйлесе алмайтын мемлекеттік қызметкерлер бар. Мәселен, Қарғалы ауданы, Велихов ауылдық округінің әкімі Айнагүл Халиуллина ауыл тұрғыны Ж.Мұхамбетоваға бейәдеп сөздер айтып, оның ар-намысына тиген. Ауыл әкімі қызметіне сәйкес емес деп ескерту алды.
«Ақтөбе облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева аттестация өткізген кезде С.Жарықовамен дұрыс сөйлеспеген. Әдеп кеңесінің шешімі бойынша мәдениет саласын басқарып отырған М.Қорғанбаеваға сөгіс берілді. Сонымен қатар, Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Руслан Әлжановқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Қоғамның сынына іліккен білім бөлімінің жауапты қызметкері Р.Әлжанов және Алға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Бекеш сөгіс алды»,- деді Расул Медетов.
Айта кетейік, баспасөз конференциясы кезінде мемлекеттік қызметкерлердің денсаулығын тексеретін арнайы қабылдау орнын ашу туралы айтылды. Емхана ішіндегі жаңа қызмет мемлекеттік мекеме жұмысшыларын кезексіз қабылдауға септігін тигізеді.
«Облыс әкімдігімен келісіп, емхана ішінен учаске ашу жоспарланып отыр. мемлекеттік қызметкер жұмыс уақытында емханаға барып, кезексіз дәрігерге қаралып, ем алауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлердің спортпен шұғылдануына да жағдай жасауымыз керек»,- деді Р.Медетов.