Алматыда Құран оқудан республикалық жарыс аяқталды. Осымен жетінші рет ұйымдастырылып отырған додаға Қазақстанның әр өңірінен іріктелген 63 қари қатысқан. Бұл туралы Алматы арнасы хабарлады.
Үміткерлерге қойылатын басты талап, құранды жатқа айтып қана қоймай, мәнерлеп, әуенін әдемі етіп жеткізу. Бүгін жүзден жүйрік атанғандар марапатталды.
Алматының орталық мешітінде Құранды жатқа оқудан ақтық сайыс кеше өтті. Еліміздің 17 өңірінен келген 63 қари толық Құранды, 20 параны, 10 параны жатқа оқу және мәнерлеп оқудан бақтарын сынады. Олардың әрқайсысы республикалық додаға іріктеліп алынғандар.
«Кішкене қобалжу өзімнің балалық шағымнан бар. Бірақ Аллаға шүкір 5 сұрақтың төртеуін жақсы жауап бердім. Бір сұрағыма жауап бере алмадым. Енді қобалжып жатырық кішкене», – деді жарысқа қатысушы Бауыржан Есмырзаев.
Дүбірлі дода кешкі құптан намазына дейін жалғасты. Әділ қазылар кім мықтыдан кіл мықтыны анықтау қиын болғанындығын айтады. Алматының бас имамы еліміздегі қарилардың сауаты жыл санап ашылып келе жатқанын жеткізді.
«Құранды, біздің ата-бабамыздың діні исламның кітабы Құранды насихаттау. Құранды жаттауды насихаттау. Құранды жаттаған қариларды хафиздарды ынталандыру. Сосын бізде осы Құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша әлемде халықаралық жарыстар өтеді. Сол халықаралық жарыстарға баруға лайықты қариларды, Құранды жаттаған мамандарды анықтау үшін өткізіп жатырмыз», – деді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай.
Жарыстың соңғы күні марқұмдарға дұға жасаудан басталды. Алланы ұлықтайтын әндер шырқалып, салауат айтылды. Жиналған жамағатты құттықтаған бас мүфти Қазақстанда Құранды жатқа білетін қарилардың көбейіп келе жатқанына қуанды.
«Әу баста біздің елімізде кешегі нәубеттік кезеңде бізде мүлде Құранды толық жаттап, оқып немесе үйрететін дәстүрлі мектеп болмады. Бүгінгі таңда біздің елімізде 4 құран қариларын дайындайтын оқу орындарымыз жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатыр. Соның нәтижесінде 500-дің үстінде қазір біздің Құран қариларымыз бар. Демек, ол болашақта арта береді деген сөз», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Қажы Оразұлы.
Құранды мәнерлеп оқудан І орын алған қариға 500 мың теңге, 10 параны айтқанға 750 мың, 20 пара 1 миллион 500 мың теңге, ал, қасиетті кітапты толығымен жаттаған қариға автокөлік табысталды.
«Қобалжулар болды. Алладан дұғамен, Алла өзі сәтін салсын деп сондай дұғалар қылдық. Алла тағала бірінші орынды нәсіп етіпті, Аллаға шексіз мадақ, шүкірлер айтамын. Осындай күнге жеткізіп жатқанына», – деді VII республикалық Құран байқауының жеңімпазы Нағим Нағманов.
Аталған шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған. Соңғы рет 2015 жылы болған мұндай байқауды енді жыл сайын өткізу жоспарда бар.