Шымкентте ондаған мектеп үш ауысымға көшуі мүмкін

Білім ұяларының жанынан жапсарлар ғимараттар салу жоспарланған.

Шымкент қаласында ондаған мектеп үш ауысымды оқуға көшуі мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz TVK арнасына сілтеме жасап.

Мұның себебін мамандар бала санының артуымен байланыстырып отыр. Тіпті орынның жетіспеуінен жеке ғимараттарды жалға алуға мәжбүр екендіктерін айтуда. Тығырықтан шығудың жолын іздеген білім бөлімінің қызметкерлері қазынадан қыруар қаржы бөліп, тозығы жеткен мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге кіріскен.

Білім ұяларының жанынан жапсарлар ғимараттар салу жоспарланған.

Ораз Жандосов атындағы №30 орта мектеп 900 орынға шақталған. Ғимарат 1963 жылы пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ұясы, соңғы уақытта ұстаздар мен оқушыларға бірқатар қиындықтар туындатқан. Әсіресе қыс мезгілінде шатырдан су ақса, тозығы жеткен жылу жүйесі жиі істен шығып қалады екен.

«Жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізілетін. Құбырлар ауыстырылғанымен, шіріген тұстары көп еді. Су ағатын. Құбырлар жарылып кететін кездер болады. Міне енді соның барлығы 100 пайыз жөнделетін болды», - дейді О.Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектебінің директоры Зарета Сапарқұлова.

Араға 55 жыл салып күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептің тағы бір мәселесі бар. Мұнда бала санының көптігінен орын жетіспеушілігі байқалады. Білім бөлімінің басшылары бұл жағдайдан хабардар. Айтуларынша, үш ауысымға көшу қаупі бар мектептердің саны бүгінде 10-нан асқан.

«Бүгінгі таңда қалада үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Бірақ сондай қауіп бар. Халық санының көбеюіне байланысты мәселе туындап отыр. Атап айтар болсам, 1, 65 және 23 мектептерде», - деп атап өтті Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ғабит Нысанов.

Қазіргі таңда, үш ауысымға көшу қаупі басым білім ұяларында қосымша ғимарат салу жайы қарастырылып жатыр. Дегенмен, кейбір мектептердің аумағында ондай мүмкіндік жоқ. Білім бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, биыл қаладағы 118 нысан ағымдағы, 11 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Бүгінде, қажетті қаржы көлемі нақтыланып, мердігер анықталған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: