Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында РФ Байқоңыр кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы Қазақстан Республикасы заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды Zakon.kz.
2009 жылы 17 қарашада Челябинск қаласында ҚР мен РФ Мемлекет басшыларының қатысуымен Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.
"Қолданыстағы 2009 жылғы 17 қарашадағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында Байқоңыр кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімнің шеңберінде осы Байқоңыр қаласында тұратын, яғни 48 мыңнан астам Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық көмек тек ресейлік медициналық ұйымдар мен Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес ескеріледі. Қазақстан Республикасында жүзеге асырылатын медициналық көмектің ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан азаматтары Республикасының Заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алу, профилактикалық медициналық тексеруден тегін өту заңды құқығымен қамтамасыз етілмеген", - деді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар, Байқоңыр қаласының тұрғындарында қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмекті алу мүмкіндігі жоқ, бұл мүгедек адамдардың өмірін және жалпы өмір сүру сапасының төмендеу қаупін ұлғайтады.
"Қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын ҚР азаматтарына ұлттық Заңнамаға сәйкес ҚР Денсаулық сақтау мекемелері мен медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. 2016 жылы 12 тамызында Байқоңыр қаласында облыстық медицина орталығының филиалы пайдалануға берілді. Бұл филиал тұрғындарға стационарды алмастыратын көмек көрсетуде. Ол үшін тәуліктік 60 төсек және күндізгі стационарға 20 төсек ұйымдастырылған. 2018 жылы 1 қаңтардан бастап Байқоңыр қаласында болжам бойынша 30 мың адамға қызмет көрсететін, болжамдайтын емхана ашылды. Қазіргі уақытта бұл емханаға 17 мыңнан астам халық тіркелінген. Дәрігерлер және орта білім мамандар жасақталған 8 жалпы практикалық дәрігерлер учаскесі ашылды. Емхананың жұмыс істеуі үшін 2018 жылғы республикалық бюджеттен 189 млн теңге бөлінді, жергілікті бюджеттен емхананы толық жасақтау үшін 64 млн теңге жоспарланған. Амбулаториялық емхананы қамтамасыз ету үшін осы жылы 96,5 млн теңге бөлу көзделген", - деді министр.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 2019 жылы операциялық бөлімді және реанимация бөлімшесін ұйымдастыру мен хирургиялық бөлімді ашу жоспарланып отыр.
Алайда Байқоңыр қаласының аумағындағы қазақстандық медициналық ұйымдардың қызмет көрсету құқығын бекіту тек заңнамаға өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енгеннен кейін мүмкін болады. Бұдан басқа хаттама ережелерінің күшіне енуі қазақстандық Денсаулық сақтау мекемелерінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Гүлім Тоқтарбаева