Ақтөбеде студенттің жатақханадан құлап қаза табуына қатысты сот басталды
Фото: Zakon.kz
КТК телеарнасының мәліметінше, осыдан жеті ай бұрын Көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында төменгі курс студенттерінің үшеуі бөлмеде отырған. Сол кезде олардың жанына төртінші курс студенті, 21 жастағы Мәди Сүгербай келген. Алдымен ол темекі сұраған. Темекі табылмаған соң, жігіттерге басқа бөлмелерден іздеуді тапсырған. Кейін айыптау тарапының мәліметінше, дүкенге барып, тамақ әкелуді бұйырған. Алайда жатақхананың есіктері жабық болған. Осы кезде іс материалдарына сәйкес, жоғары курс студенті жігіттердің бірін терезеден көрпелерді байлап түсіруді ұсынған. Бұл қауіпті тапсырма 17 жастағы Нұрбақыт Бақытқа жүктелген. Алайда ол қайта оралмады.
Жасөспірім биіктен құлап, ауыр жарақат алып, комаға түскен. Дәрігерлер 42 күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, аман алып қала алмады. Қаза тапқан баланың анасы ұлын жоғары курс студенті қорқытып, тапсырмаларын орындауға мәжбүрлегеніне сенімді. Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін колледж басшылығы болған жағдайды жазатайым оқиға ретінде көрсетуге тырысқан.
"Таңғы сағат төртте колледжден телефон соғып, ұлымның ауруханаға түскенін хабарлады. Ақтөбеге келгенімде мені оқытушылар мен басшылық өкілдері қарсы алды. Олар ұлымның түнде қарны ашып, тамақ алу үшін өз еркімен терезеден түспек болғанын айтты. Бірақ мен бұған сенбедім. Оқиға алдындағы кеште оған ақша аударғанмын. Кейін тіпті бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, сатып алған заттарын көрсетті", – деді марқұмның анасы Құлайым Қолова.
Сот отырысына айыпталушының анасы да қатысып отыр. Ол Атырау облысынан келген. Мәди – оның жетінші, кенже баласы. Әйел тағылған айыппен үзілді-кесілді келіспейді және ұлының еш кінәсі жоқ деп есептейді.
"Балалар дүкенге бармақ болғанда, ұлым оларға 2 мың теңге берген. "Маған да бірдеңе ала келіңдер" деп өтінген. Ол бұл оқиғаға мүлде қатыспаған, өз бөлмесіне кетіп қалған. Менің ұлым шыбын да өлтірмейді! Оның біреуді ұрып-соққаны туралы ешкім айтқан жоқ. Оқиға болған кезде ол тіпті олардың қасында да болмаған. Енді бар кінәні менің ұлыма артып қоймақ", – деді айыпталушының анасы Бақытжамал Шабаева.
Мәди Сүгербайға екі бап бойынша – "Қауіпті жағдайда қалдыру" және "Абайсызда адам өліміне әкеп соғу" бойынша айып тағылды. Ол өз кінәсін мойындамайды. Марқұмның анасы колледж бен жатақхана қызметкерлерін де жауапқа тартуды талап етіп отыр. Алайда әзірге қылмыстық іс материалдарында олардың аты-жөні аталмаған.