Жалақыдан ұсталатын салықты есептеу жеңілдейді: Қазақстанда жаңа сервис іске қосылады
Фото: pexels
Пилоттық жобаның мақсаты – қызметкерлердің табысынан есептелетін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеу және төлеу тетігін сынақтан өткізу.
Жоба Қазақстанның бүкіл аумағында жүзеге асырылады. Ол 2026 жылғы 1 қазаннан бастап туындаған салық міндеттемелеріне қолданылады және 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін күшінде болады.
"Бір батырмамен есептеу" сервисі – Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық жүйесіндегі жалақы қорына қатысты салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге, төлем тапсырмалары мен жиынтық төлем тапсырмаларын қалыптастыруға, оларды екінші деңгейлі банктерге жіберуге және салық міндеттемелерінің орындалу нәтижесін көрсетуге арналған функция.
Пилоттық жобаға қатысушылар:
- мемлекеттік кірістер органдары;
- салық агенттері;
- екінші деңгейлі банктер.
- Пилоттық жобаға қатысу ерікті түрде жүзеге асырылады.
Сервисті пайдалану үшін салық агенті "Салық төлеушінің кабинеті" веб-қосымшасы арқылы:
- "Бір батырмамен есептеу" сервисін таңдайды;
- қызметкердің ЖСН-ін енгізеді;
- қызметкерге есептелген табыс сомасын көрсетеді;
- енгізілген мәліметтердің дұрыстығын растайды.
Мәліметтердің дұрыстығы расталғаннан кейін "Бір батырмамен есептеу" сервисі:
- - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтерді алады;
- - жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (болған жағдайда), әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік салықты, МӘМС жарналары мен аударымдарын және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептейді;
- - автоматты есептеу нәтижесін қалыптастырады;
- - салық агентіне есептеу нәтижесін қарауға мүмкіндік береді;
- - есептеу нәтижесі расталғаннан кейін төлем тапсырмалары мен жиынтық төлем тапсырмаларын қалыптастырады;
- - қалыптастырылған төлем тапсырмаларын орындау үшін екінші деңгейлі банкке жібереді.
Автоматты есептеу нәтижесін салық агенті растайды. Бұл нәтиже төлем тапсырмалары мен жиынтық төлем тапсырмаларын қалыптастыруға негіз болады.
Есептеу нәтижесін растағаннан кейін салық агенті төлем тапсырмаларын қалыптастыру және жіберу туралы шешімді өзі қабылдайды.
Сервис кейіннен төлеу үшін салықтар мен әлеуметтік төлемдердің барлық түрі бойынша төлем тапсырмаларын автоматты түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Электрондық форматтағы төлем тапсырмалары мен жиынтық төлем тапсырмаларына салық агенті электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қояды.
Салық агенттігі мынадай жағдайларда автоматты есептеу нәтижелеріне түзету енгізеді:
- жалақы сомасы қате көрсетілсе;
- жалақы кейін қайта есептелсе;
- қызметкерге қосымша төлем жасалса;
- қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтерді өзгерту қажет болса;
- төлемді бенефициар банкі қайтарса.
Есептелген салықтар мен әлеуметтік төлемдердің автоматты есебіндегі қателерге сервис тарапынан мынадай мәліметтердің дұрыс анықталмауы жатады:
- қызметкердің әлеуметтік мәртебесі;
- қолданылатын жеңілдік немесе босату;
- салық салу объектісі;
- тиісті міндеттеменің мөлшерлемесі мен сомасы.
Салық агенті "Бір батырмамен есептеу" сервисін пайдалануды тоқтату арқылы пилоттық жобадан кез келген кезеңде шыға алады. Бұл туралы мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау талап етілмейді.
Бұйрық 17 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. Ол 2026 жылғы 1 қазаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады және 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін күшінде болады.