Бүгін Үкімет отырысында күн тәртібіндегі мәселелерді қарау алдында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астананың 20 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы zakon.kz primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Сағынтаев Астана күні — бір қаланың ғана мейрамы емес, бүкіл ел болып атап өтетін жалпыхалықтық мерекесі деп атап өтті. Ең алдымен, баршаңызды еліміз үшін айрықша маңызды белес — аяулы Астанамыздың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын деді премьер-министр.
Себебі, Қазақ Елінің тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі, бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты.
Ел бола аламыз ба, әлде заманның алапат желіне ұшып жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана — жаңғырған, жаңа Қазақстанның жарқын символы. Ол — қастерлі Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті. Басында өзге түгілі өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді, деді Сағынтаев.
Халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі — алып бәйтерекке айналды.
Астана — терең тарихтан тамыр тартқан даңқты өткенімізді бүкіл әлем таңдай қаққан бүгінгі биіктерімізбен және жаһандық нарықта бәсекелік қабілеті жоғары, Мәңгілік Ел болар кемел келешегімізбен жалғайтын Елдігіміздің алтын арқауы.
Қарасаң көз жетпейтін Ұлы Даланың Аспанмен астасқан көкжиегіне көз салсақ, көк пен жерді жалғайтын алтын көпір іспетті Астананың алып мұнаралары алыстан асқақтап, менмұндалайды. Ол — барша халқымыздың бақытты өмірі мен үкілі үмітінің символы.
Бүгінде еліміздің саяси, экономикалық қана емес, мәдени, рухани жүрегі атанған Елорда Қазақстанның барлық өңірлерінің басты қозғаушы күші болып, аймақтардың дамуына қуатты серпін беруде.
Бас ордамыз — дарынды, мақсаткер, еңбекқор, білімді жастардың арман-мүддесін бір арнаға тоғыстырып, барша қазақстандықтарды біріктірген кіндік қала. Ол татулық пен тұрақтылықтың, жасампаздық пен бейбітшіліктің символы ретінде тұтас Еуразияға, одан қалды, жер жүзіне лайықты үлгі болуда. Әлемдік деңгейдегі бастамалар мен іс-шаралар Астананы жаһандық оқиғалардың ордасы ретінде паш етті. Осының бәрі — кең байтақ Ұлы Даланың төрінде Ұлы Мемлекет құрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара басшылығы мен шексіз еңбегінің жемісі, -деді Сағынтаев.
Сәні мен салтанатына барша адамзат таңдай қаққан Бақ ордамызды қастер тұту, оны дамытып, көркейте түсу — бәрімізге ортақ парыз.