Азаматтық некедегі әйелін пышақтап өлтірген семейлік 12 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы ҚазАқпарат ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
31 жастағы Б. Ложкин сүйіктісі С. Афонинамен 2012 жылдан бастап азаматтық некеде тұрған. 2017 жылы екі ғашық арасында жанжал туындап, әйел әкесінің үйіне қайтып барады. Арада жыл өткеннен кейін Ложкин Афонинамен қайта татуласып, ара-қатынастарын жалғастырады.
Бірақ ол әйелінің басқа азаматпен көңіл жарастырып жүргенін біледі. Қанды оқиға 2018 жылдың 17 наурызында болған. Б.Ложкин өз үйінде анасы Е. Беляевскаямен бірге ішімдік ішеді. Кейін ішімдікке қызып алған ол әйеліне бірнеше рет хабарласады. Бірақ әйелі телефон тұтқасын көтермеген.
Қызғанышқа бой алдырған ол кешкі сағат 21.00-де асүй пышағын алып, әйелдің үйіне барады. Есікті ашқан ағасына қарындасын шақыруды сұрайды.
Ал келіншек далаға шыққан кезде бірден мойнынан қылқындырып, кеуде тұсынан 3 рет пышақ сұғып алған. Әйел сол жерде көз жұмған.
Сот үкімімен Б.Ложкин 12 жылға бас бостандығынан айырылды және 3 млн теңге моральдық шығын төлейді.