Ақтөбелік теологтар оңалту жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді. Мамандар дін тұрғысынан ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуге кіріскен, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.
«Оңалту жұмыстарында сан қуып кетпеу үшін әр теологтың алдына мақсат қойдық. «Сіз жүздеген адаммен жұмыс жасауыңыз мүмкін. Бірақ нақты қанша адамды еліміздің салтын мойындай алатындай дәрежеге жеткізе аласыз» деген мәселе көтерілді. Басқармаға қарасты теологтар, имамдар белгілі бір категориядағы адамдармен жұмыс жасап жатырмыз. Олармен тұрақты түрде жеке кездесеміз. Дін тұрғысынан ғана емес, адами тұрғыдан ол азаматтың жан дүниесіне үңілуге тырысамыз. Нәтиже жаман емес. Топпен жұмыс жасағаннан жекелеген жұмыстарда мәселе ашыла бастайды», — дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов.
Өңірде білікті теологтар да көбейген.
«Осыған дейін тек діни тұрғыдан бейімдеуге ұмтылдық. Қазір әлеуметтік жағынан мәселелеріне үңілу жұмыстары нәтижелі жүріп жатыр. Кез келген жұмыс алға басу үшін қолдау керек. Біз оңалту жұмыстарына қатысты идеяларымызды облыс әкіміне жеткіздік. Өткен жылдың аяғында 3 млн. теңгедей қаржы сұрадық. Облыс әкімінің қолдауының арқасында тегін курстар ашылып, әйел жамағатымен жұмыстар жүріп жатыр», — дейді Жолдас Қалмағамбетов.