Елімізде латын қарпіне көшу жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Бүгінде ғалымдар жаңа әліпбидің орфография ережесін әзірлеуге кірісіп кеткен. Бұл туралы zakon.kz, Алматы арнасы жазған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Дайын нұсқасы жұртшылыққа таныстырылып, талқыланған соң ғана қабылданады. Алдағы уақытта тіл мамандары Қызылорда және Қарағанды облыстарына түсіндіру үшін арнайы бармақ.
Ал орфография ережесінің жобасын алғаш болып демалыста жүрген оқушылар көрген екен. Ғалымдар қолданысқа енетін ережені міндетті түрде халықпен ақылдаса отырып жасаймыз дейді.
«Орфографиялық ережелердің алғашқы нәтижелерін осы жуырда Бурабайдағы «Балдәурен» лагерінде болған 200-ден астам балаға таныстырып, ол ережелердің қаншалықты икемді екенін сынап көрдік. Қолдану барысында қаншалықты ыңғайлы, тілдік қолданыста қаншалықты сұранысқа ие, жазу барысында қолайлы ма, әлде керісінше ме деген мәселелерді анықтауға тырыстық. Енді ол нәтижелерді ғалымдар саралап жатыр. Қалай икемді десе, сол бағытқа бет түзейміз», – деді «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ғарифолла Есім.
Ғалымдар жұрт айтқан сын мен ұсыныстарды ұлттық комиссияға жеткізеді. Сондай-ақ, латын қарпіне өткен Өзбекстанның, Түркіменстанның және Әзірбайжанның тәжірбиесі міндетті түрде ескеріледі деп отыр. Тіпті, келесі жылы Астанада «Түркі тілдері парламенті» деген атаумен жиналыс өткізу де жоспарда бар. Үлкен жиында түркі тілдес ғалымдардың басын қосып, латын қарпіне көшу туралы пікірлерін білмек.
«Түркі әлемінде ең жақсы ақылды, ақсақал лидер деп сұрақ қойса, Нұрсұлтан Назарбаев деп айтылады. Түркі халықтарының көкейінде «Қазақстан атажұртымыз» деген ұғым тұрады. Атажұртпен жақсы байланыс болуы керек. Түркия алфавитін түркі әлемінде 150-200 миллион адам оқиды. Оның мәні неде? Демек, ертең біздің қазақ алфавитін де 150-200 миллион адам оқи алады», – деді Түркі халықтары мәдени орталығының жетекшісі Ахмет Дағдуран.
Жадыра Омаржан