Алматы облысында қоқыс алаңы бірнеше күннен бері өртеніп жатыр. Жағымсыз иіске тұншығып жүрген Қарасай ауылының тұрғындары қалдықтарды тастайтын орынның көзін жоюды талай уақыттан бері талап етіп келеді. Алайда, мәселе осы күнге дейін шешімін таппай отыр. Бұл туралы zakon.kz, Алматы телеарнасы жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл қоқыс алаңының пайда болғанына 5 жылдан асқан. Тұрғындардың сөзінше, екі жылда оның аумағы тіпті ұлғайып кеткен. Ал соңғы 4 тәулікте өртке оранып тұрғындарды әбігерге түсірген. Бұл жерден шыққан көк түтін Қарасай ауылының жұртын улауда.
Бөлек ауылдық округіне қарасты қоқыс алаңы бірнеше күннен бері өртеніп жатыр. Мамандардың сөзінше, үйінділердің қызыл жалынға орануы әсіресе жаз мезгілінде жиілей түседі екен. Салдарынан тұрғындар түтінге тұншығып, түрлі ауру тапқан.
«Кеше осы қоқыс алаңынан шыққан түтін біз жаққа қарай келді. Тіпті, ауылымыз көрінбей қалған. Қалдықтар арасында бәрі, малдың өлекселеріне дейін бар. Дәрігерлер мұндай ауамен тыныстау түрлі дертке алып келуі мүмкін дейді», – деді Малик АБДИЕВ.
«Күн қазір қатты ысып кетті. Терезені, есікті ашсаң жағымсыз иіс келеді. Үйдің ішінің бәрі ыс сасиды. Бұл ауамен тыныстау мүмкін емес. Балаларымыз, немерелеріміз жөтеле бастады. Барлығы осы қоқыс алаңының кесірінен деп ойлаймын», – деді Софья МАМЕДОВА.
Кең алқапты алып жатқан қоқыс алаңы мен Қарасай ауылының арасы 500 метрге жетер-жетпес. Сондықтан жел тұрса, қолқаны қабатын иіс ауылға тарайды екен. Жұрт амалсыздан есік терезесін қымтап отыруға мәжбүр.
«Тіпті үйден шыға алмаймыз. Ауыз су да жоқ. Ол да қоқысқа толған. Су құбыры осы қоқыс алаңының астымен өтеді. Санитарлық талаптар мүлде сақталмаған», – деді Павел АЛИЕВ.
Ашынған жұрт қалдықтарды тастайтын орынды күзетіп отырған компанияға келіп, өртті ауыздықтауды талап етті. Бүгінде мұнда 25 адам қызмет етеді екен.
«Бізде полигонда бір ғана күзетші бар. Ол қоқыс алаңында тәулік бойы күзетші бола алмайды. Түнде түтін шықса ғана тексереді. Алдыңгүні түнгі үште маған звондады. Біз сол түнгі үштен бері әлі жүрміз. Қазір бір өрт сөндіру машинасы өртті өшіріп жатыр», – деді «Бахыт и Ко» ЖШС бас инженері Жеңіс СЕРІКБАЕВ.
Амалы таусылған бұқараның есік қақпаған жері қалмаған. Жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді дейді олар. Ал Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің сөзінше, бұл қоқыс алаңы 2012 жылы жеке кәсіпкерге жалға берілген. Экологтар онда заңның өрескел бұзылғанын анықтаған. 1 жылдан кейін бизнесмен оны қайтаруды шешкен.
«Қазіргі уақытта олар өздері бас тартып, қайтадан біздің өзіміздің мемлекеттік мекемеге беру туралы қаулы шықты. Біздің тарапымыздан құжаттар дайындалуда. Рәсімделуде. Мемлекеттік акт, тағы өзге де құжаттар жұмысы жүргізілуде», – деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дәурен МӘЛІБЕКОВ.
6 гектар аумақты қамтитын қоқыс алаңына сұрыптау және өңдеу зауыты салынбақ. Кәсіпорын инвестор қаржысына тұрғызылатын болады. Қазіргі таңда оны қаржыландыратын бизнесмен табылып қойған.
«Қазіргі құны белгісі. Ол жоба дайындалғаннан кейін белгілі болады. Зауыт салынған жағдайда, күл-қоқыс төгетін орын 50 пайыз күл-қоқыстан арылатын болады. Күнделікті төгілетін күл-қоқыстың саны да азаймақ. Күнделікті сұрыпталып өңделіп отыратын болады», – деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дәурен МӘЛІБЕКОВ.
Зауыт салынғанша, тұрғындардың қоқыс алаңынан шыққан жағымсыз иіске шыдауына тура келеді. Бұл қалдықтар тасталатын орынға ауданнан шыққан 40 тоннаға жуық қоқыс төгіледі. Еңбекшіқазақ ауданында жалпы, осындай 31 алаң бар. 300 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда тағы екі қоқыс сұрыптайтын және өңдейтін зауыт тұрғызылмақ.
Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко