Суы мол теңіз, теңіз жағасындағы үй, самал жел, құмды жағажай, ары-бері ұшқан шағалалар мен жаңа ауланып, қуырылған балық – бүгінде Арал теңізі тартылмағанда бұл сөйлем Ақеспемен тікелей байланысты болар ма еді.
Мұндағы жұрт та бір кездері еліміздің басқа ауылдарынан еш қалыспай күн кешкен.
Бірақ, XX ғасырдың орта тұсынан басталған табиғи апат жағдайды күрт өзгертті. Теңіз тартылды, шаруашылық тоқырады, айнала құмға толып, Ақеспе ешкімге қажетсіз күйінде айдалада қалды.
Ауылын тастауға қимай, осында күн кешуге бел буған жергілікті халық қана. Алғашында теңіздің қайта қалпына келетініне үміт бар еді. Сол үміт біразға дейін сөнбей, халықаралық ұйымдар, үкімет, танымал тұлғалар Арал мәселесін көтерген сайын маздайтын.
Бірақ, уақыт өте жағдай қиындамаса, жақсармады. Арал өңіріне саяхаттап барған зерттеушілер мен жиһанкездер бұл ауыл жайлы көп жазады.
Бірі басына түскен сынаққа қарамастан халықтың мойымай тіршілік етіп жатқанына тамсанады, бірі мұндай жағдайда қалай өмір сүруге болатынын түсінбей таңғалады.
Мұнда жолы түскен кез келген адам қатты әсерленіп қайтатыны сөзсіз.
"Жол түсу" демекші, Ақеспені көру бізге де бұйырған екен. Ендеше, құмға көмілген ауылдан дайындалған фоторепортажымызға назар салыңыздар. Арал теңізіндегі Бутаков шығанағының солтүстік-батысында орналасқан Ақеспеге қай тұсынан барсаңыз да, онда апаратын тас жол жоқ. Сол себепті, арнайы көліксіз құмды ауылға жету қиын.
Алдымен мидай жазық даланы өтесіз, ал, ауылға жақындай бере шағыл құмдар басталады. Мұнда алғаш келген адам: "Жол осымен біткен екен. Артқа бұрылайын!" немесе "Бұл маңды айналып өтейін!" деп ойлауы мүмкін. Себебі, құм арасында жатқан ауыл алыстан мүлде көрінбейді.
Тек жақындай бере төбелердің артынан бірінен кейін бірі шатырлар шыға бастайды. Бір қарағанда Ақеспе теңіз жағасында тұрған сияқты. Бұрын солай болған. Қазір теңіз ауылдан екі шақырым қашықтықта жатыр. Ақеспеге алғаш кіргенде тап болатыныңыз: тыныштық – өлі тыныштық.
Көшелерде шулаған бала да, үрген ит те байқалмайды. Анда-мұнда жатқан бір-екі түйені көзіңіз шалып қалуы ықтимал. Түйе деген қызық жануар ғой.
Сіз барсыз ба, ары-бері өтіп жатсыз ба – ештеңеде шаруасы жоқ. Күйісін қайырып жата береді.
Ауылды аралап жүріп мұнда уақыт тоқтап қалған болар деп ойлайсыз. Содан соң бұл жерде адам тұра ма деп үрейленесіз.
Құмға көмілген үйлер мен тастанды техника сол ойыңызды сан-саққа жетелеп, үрейіңізді күшейте түседі.
Дереккөзі: Massaget.kz