Қазақстанның оңтүстігінде алаяқ таныс әйелге дуа жасалғанын айтып, 8 миллион 853 мың теңгені қалтасына басқан деп жазады sputniknews.kz.
Қызылорда облысы ішкі істер департаментінен мәлімдегендей, жәбірленуші ақшаны қылмыскерге дуадан құтылу үшін және өзіне ақша тарту үшін берген.
Алаяқ жәбірленушіге экстрасенстік рәсімдер үшін қаншалықты көп ақша берсең, нәтижесі де соншалық керемет болатынын айтып түсіндірген.
"Ешқандай нәтиже болған жоқ, барып тұрған алаяқтық", — деді ІІД-дегілер.
Әйелге дуа жасалғанын айтып сендірген алаяқ ешқандай да экстрасенс емес екені, ақшаны жай алып отырғаны анықталды.
"Жәбірленуші өзінің алданғанын түсінгенде, полицияға жүгінген. Ақыр соңында қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа дейін жетіп, алаяқ бес жылға бас бостандығынан айырылды", — деп хабарлады ІІД.
Полицейлердің айтуынша, әдетте адамдар көп ақшамен жалған бақсы-балгерлерге жолай қоймайды, мұнда жағдай сирек кездеседі. Оңүстіктегі алаяқтар негізінен жер, баспана немесе несие мәселелерімен "айналысып", ақша тапқанды жөн көреді. Олар үшін мол табыс көзі – баспана мәселесі. Мемлекеттік бағдарлама бойынша кезектен тыс пәтер алуға көмектесемін деп, бірнеше миллион теңгені оңай қағып алатындар жетерлік.
Полицияның дерегінше, осы жылдың жеті айы ішінде Қызылорда облысында 418 алаяқтық фактісі тіркелген. 162 адам ұсталған, оның 109-ы – әйелдер.