Елорданың әр ауданында осындай 4-тен кем емес орталық ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «іКомек» мониторинг және жедел басқару орталығында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«iKomek» мониторинг және жедел басқару орталығында «Астана - адалдық алаңы» жобасының шеңберіндегі кездесу өтті.
«Біз архитектуралық және жер мәселелерін шешу үшін сәулет қызметтері орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Онда көптеген бюрократия бар, орталық құру арқылы оны азайта аламыз. Дамыған елдердің тәжірибесін көрдік, солардікі секілді қалалық қызметтер орталығы ашылады. Мен олардың әрбір ауданда кем дегенде 4-еуін ашуды жоспарлап отырмын. Менің ойымша, олар одан да көп болуы керек. Бірінші орталық осы жылы «Астана молл» сауда орталығында ашылады», - деді Әсет Исекешов.
Елорда әкімінің сөзінше, орталық сәулет және жер мәселелерінен бөлек, коммуналдық төлемдер мәселесі – қайта есептеу, жылу, су, жарық және т.б. мәселелермен айналысады. Яғни, қала тұрғындарының «Энергосбыт», «Астана су арнасы», «Жылутранзит» мекемелеріне қатысты мәселелер орталықта шешілетін болады. Сонымен бірге әлеуметтік қолдау мен білім мәселесіне қатысты сауалдарға жауап алуға болады.
«Яғни, адамдарға 109 нөміріне қоңырау шалу жеткіліксіз, олар сәулет, жер, тұрақ мәселесін, қоғамдық көліктің жеткіліктіліктігін келіп шешкілері келеді. Шешімнің бірі - орталықты сауда орталықтарында ашу. Келіп сарылып кезек күтіп тұрмастан, шай ішіп жайлы ортада шеше алады. Кез келген мәселе бойынша керек кеңесін ала алады. Болашақта ол кеңейтілген ХҚКО болады, ХҚКО да басқа да қалалық мәселелер шешілетін болады», - деді Әсет Исекешев.
Астана әкімі атап өткендей, қазір ақпараттық жүйелерді интеграциялау, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Мысалы, білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтер туралы, атап айтқанда балаларды балабақша мен бірінші сыныпқа қабылдауға қатысты шағым көп. Біз оны автоматтандырдық. 30 мыңнан астам адам «Smart Astana» қосымшасының игілігін көрді», - деді елорда әкімі.
Бұған қоса, қала басшысы жаңа жүйенің мақсаты – мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру екенін атап өтті.
«Астана – адалдық алаңы» жобасының шеңберінде жыл соңына дейін ауылшаруашылық, әлеуметтік қамтамасыз ету салалары бойынша бизнес процесстердің талдауы аяқталады. Жаңа қадамның арқасында сапа мен үнемділіктің артқаны байқалады. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар бойынша 2018 жылдың 8 айында қаржы көлемі 19 млрд теңгені құрады. Жалпы экономикалық тиімділік 20 млрд теңге», - деді Исекешев.